ТҮРКІСТАНДА 200 ЖАСӨСПІРІМ ФУТБОЛ АЛАҢЫНДА БАҚ СЫНАДЫ

Түркістан қаласында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жасөспірімдер арасында шағын футболдан жарыс өтті. Спорттық додаға 200-ге жуық жас футболшы қатысып, өзара мықтыны анықтады.

Іс-шараға Түркістан облысының прокуроры Бауыржан Мырзакеров, облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, мәдениет және қоғам қайраткерлері, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері мен спорт саласының өкілдері қатысты.

Жарыстың ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамытуға, дене шынықтыруды кеңінен насихаттауға және жас ұрпақтың салауатты өмір салтын қалыптастыруға ерекше көңіл бөліп келе жатқанын атап өтті.

Сондай-ақ өңірде спорт инфрақұрылымын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтып, жасөспірімдер спортының маңыздылығына тоқталды.

– Бүгінгі футбол бәсекесі жас спортшыларымыздың футболға деген қызығушылығын арттырып, болашақ чемпиондардың қалыптасуына жаңа серпін береді деп сенемін. Баршаңызға мықты денсаулық, толағай табыс және жарқын жеңістер тілеймін! – деді Ертай Кенжебекұлы.

Айта кетейік, биыл Түркістан облысында жалпы құны 11,3 млрд теңгеге 58 спорт нысанының құрылысы қолға алынды. Оның ішінде 5,4 млрд теңгеге 31 нысан пайдалануға берілді. Жаңа нысандар қатарында Түркістан қаласындағы заманауи атшабар кешені мен Бекзат Саттарханов атындағы футбол академиясы бар.

Жыл соңына дейін «Баянауыл» шағын ауданында спорт кешені мен 7 балалар ойын алаңшасын ашу жоспарланған.

Қазіргі таңда Түркістан облысында 3 595 спорт нысаны бар. Оның 86 пайызы ауылдық елді мекендерде орналасқан.

Жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған мұндай жарыстар бұқаралық спортты дамытуға, жастарды салауатты өмір салтына баулуға және заң мен тәртіп қағидаттарын насихаттауға бағытталған.

Ұқсас жаңалықтар

Шымкентте “Абай әлемі“ Республикалық байқауының финалы өтті

Алматылықтарға тауға бармау керектігі ескертілді

berdaly_oraz

Төле би ауданында 1700 адам қатысқан ауқымды сенбілік өтті