Дереккөз, фото: Арыс қаласы әкімдігі
Арыс қаласында отбасы құндылықтарын насихаттау, аналардың қоғамдағы мәртебесін арттыру және оларға құрмет көрсету мақсатында «ANA FEST – 2026» фестивалі ұйымдастырылды. Мазмұнды шара Отбасы күні мен Аналар күніне орай Арыс қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты Отбасын қолдау орталығының ұйымдастыруымен өтті.
Мерекелік іс-шараға қала тұрғындары, көпбалалы аналар, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері, ардагерлер мен қоғам белсенділері қатысты. Фестиваль алаңы ұлттық нақышта безендіріліп, киіз үй тігіліп, арнайы көрме мен фотоаймақ ұйымдастырылды.
Шараның ашылу салтанатында Арыс қаласы әкімінің орынбасары Алмаз Сұлтанов, бөлім басшысының орынбасары Ақылбай Құдайберген және қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Әбдісаттар Жүніс сөз сөйлеп, аналардың отбасы мен қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті.
Фестиваль аясында «Бақытты ана – бақытты отбасы» тақырыбында мотивациялық кездесу өтті. Кездесуге кәсіби медиатор Жұлдыз Өтегенова қатысып, ананың отбасыдағы рөлі, эмоционалдық тепе-теңдік, өзін-өзі дамыту мен өмірлік мотивация жөнінде ой бөлісті.
Сонымен қатар, көпбалалы аналар мен марапат иелеріне құрмет көрсетіліп, алғыс хаттар мен гүл шоқтары табысталды. Мерекелік кеш барысында өнерпаздар ән айтып, күй тартып, би билеп, кештің көркін аша түсті.
Іс-шара аясында қатысушыларға арналған шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, қолөнер, жеміс-жидекті сәндеу, сән мен стиль бағыттары бойынша тәжірибелік кеңестер ұсынылды.
Тағылымды шара соңында ұйымдастырушылар қатысушыларға алғыс білдіріп, естелік суретке түсумен және еркін форматтағы кездесумен қорытындылады.
