Арыста педагогтердің дәстүрлі Тамыз кеңесі өтіп, жаңа оқу жылындағы білім саласының басым бағыттары сараланды. «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбындағы жиында өткен оқу жылының қорытындысы шығарылып, алдағы міндеттер нақтыланды.
Кеңеске қала әкімі Қайсар Маңқараев, қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов, облыстық білім басқармасының өкілі, қалалық білім бөлімінің басшысы Әшімхан Момбеков, ардагер ұстаздар, мектеп директорлары мен педагогтер қатысты.
Жиында білім саласында атқарылған жұмыстар мен жетістіктер таныстырылып, білім сапасын арттыру мәселесіне ерекше мән берілді. Сонымен қатар оқушылар арасындағы құқық бұзушылық, буллинг, суицид пен ерте жүктіліктің алдын алу, кәсіби бағдар беру, патриоттық тәрбие және ата-аналармен байланысты күшейту бағыттары талқыланды.
Қала әкімі Қайсар Маңқараев ұстаздарды жаңа оқу жылымен құттықтап, сапалы білім берумен қатар, жас ұрпақтың тәрбиесі мен қауіпсіздігіне басымдық беру қажеттігін атап өтті.
Арыста білім инфрақұрылымы да жаңарып келеді. Заманауи талаптарға сай алғашқы «Келешек мектеп» пайдалануға берілсе, «Отырар» тұрғын ауданында 600 орындық жаңа мектептің құрылысы аяқталды.
Өткен оқу жылында қала мектептерін 1180 оқушы тәмамдап, олардың 76-сы «Алтын белгі», 110-ы үздік аттестат иеленді. Ал ҰБТ нәтижесі бойынша 315 түлек мемлекеттік білім грантына қол жеткізді.
Жиын соңында білім саласына елеулі үлес қосқан үздік педагогтер облыс және қала әкімдерінің марапаттарына ие болды. Бұл – ұстаз еңбегіне көрсетілген құрмет қана емес, жаңа оқу жылында білім сапасын арттыруға берілген үлкен жауапкершіліктің белгісі.
