Салтанатты шараға Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев қатысып, ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
Бұл күн әсіресе мектеп табалдырығын алғаш рет аттаған бүлдіршіндер үшін ерекше болды. Қолдарына гүл ұстап, үлкен үмітпен мектепке келген бүлдіршіндердің қуанышы мен толқынысы алғашқы қадамдарынан-ақ байқалды.
Мерекелік шара барысында бастауыш сынып оқушылары ән айтып, би билеп, өз өнерлерін ортаға салды. Кішкентай өнерпаздардың дайындаған қойылымдары жиылған жұртшылыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Қала әкімі жас өрендерді жаңа оқу жылымен құттықтап, білім жолында табыс тіледі. Оқушыларды жақсы оқуға, ізденуге, алдына биік мақсат қойып, сол мақсатқа жетуге ұмтылуға шақырды.
Ал ұстаздарға шәкірттерінің жетістігіне қуанып, еңбектерінің жемісін көруді тіледі.
«Бүгін мектеп табалдырығын аттаған әр бала – ертең елдің тізгінін ұстайтын азамат. Сондықтан білімге жасалған әр қадам – болашаққа жасалған қадам», деген мазмұндағы ізгі тілектер айтылды.
1 қыркүйек – күнтізбедегі қарапайым дата емес. Бұл – мыңдаған баланың жаңа арманына жол ашатын, ұстаз бен шәкіртті қайта қауыштыратын ерекше күн.
Арыстағы алғашқы қоңырау да жаңа оқу жылына үлкен үмітпен үн қосты.
Жаңа оқу жылы барша ұстаздар мен оқушыларға сәттілік, жаңа мүмкіндіктер, жақсы жаңалықтар мен толағай жетістіктер әкелсін!
Білім жолындағы алғашқы қадамдар сәтті болсын!
