ЖЕТІСАЙДА АУЫЛ БАЛАЛАРЫНА ҮЛКЕН СЫЙ: БІЛІМ КҮНІНДЕ 200 ОРЫНДЫҚ ЖАҢА МЕКТЕП АШЫЛДЫ

Ескі ғимараттағы қиындық артта қалды. Білім күні Жетісай ауданының Алтын кемер елді мекеніндегі оқушылар үшін есте қаларлық күн болды. Ауылда 200 орындық жаңа мектеп пайдалануға беріліп, жүздеген бала заманауи білім ордасында білім алуға мүмкіндік алды.

Абай ауылдық округіне қарасты Алтын кемер елді мекеніндегі жаңа мектептің ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов, аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, «ӘДІЛЕТ» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров, ауыл тұрғындары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жиында ұстаздар мен оқушыларды Білім күнімен құттықтап, жаңа оқу жылына сәттілік тіледі.

Бұған дейін ауыл балалары кеңестік кезеңде салынған, оқу орнына бейімделген ескі ғимаратта білім алып келген. Енді оның орнына оқушылардың заманауи талаптарға сай білім алуына мүмкіндік беретін жаңа мектеп бой көтерді.

200 орындық білім ордасы қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Мұнда заманауи шеберханалар, кітапхана, асхана, спорт және медициналық кабинеттер жұмыс істейді. Сонымен қатар білім алушылардың қауіпсіздігі үшін бейнебақылау жүйесі орнатылған.

Жаңа мектептің басты ерекшелігі – оның тек сабақ оқитын орын емес, баланың жан-жақты дамуына жағдай жасайтын білім беру орталығына айналуында.

Оқушылардың шығармашылық әлеуетін ашу, цифрлық сауаттылығын арттыру, заманауи технологияларды меңгертуге басымдық беріледі. Ал педагогтер үшін кәсіби біліктілігін арттырып, білім беру сапасын көтеруге мүмкіндік бар.

Мектептің ашылу салтанатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков ауыл балаларына жасалып жатқан жағдайдың маңыздылығына тоқталды.

Оның айтуынша, технология қарқынды дамып жатқан заманда ауыл мен қала оқушыларының білім алудағы мүмкіндіктері барынша тең болуы қажет.

Мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан білім беру жобалары осы мақсатқа бағытталған. Ең бастысы – жаңа мүмкіндікті тиімді пайдаланып, білімге ұмтылған жас ұрпақты тәрбиелеу.

Жетісайдағы жаңа мектеп – облыста білім беру нысандарын жаңғырту бағытындағы жұмыстардың бір бөлігі.

Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің оқушылар мен ұстаздарға қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасау жөніндегі тапсырмасына сәйкес, бүгінде бірқатар білім беру нысандарында құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Атап айтқанда, №57 «Сарыарқа» мектебінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар 2 мектепте реновация, 7 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары қолға алынған. Жұмыстардың басым бөлігі аяқталуға жақын.

Бұл – білім саласындағы басты басымдықтардың бірі баланың қауіпсіздігі мен сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасау екенін көрсетеді.

Білім күнінде жаңа мектептің ашылуы – ауыл балалары үшін жай ғана жаңа ғимарат емес, жаңа мүмкіндікке ашылған есік.

Енді Алтын кемердің жас өрендері заманауи ортада білім алып, ғылым мен технологияның жаңа мүмкіндіктерін меңгеріп, ел болашағына қызмет ететін білікті маман болуға қадам басады.

Жаңа мектеп – жаңа үміт. Жаңа мүмкіндік – жарқын болашақтың бастауы.

Ұқсас жаңалықтар

«Otebay gaz» халықтың жанайқайын ескерді»: Арыс қаласында табиғи газ тарифі төмендеді

berdaly_oraz

Түнгі рейд: Жасөспірімдердің қауіпсіздігі басты назарда

berdaly_oraz

Қала әкімі Маңқараев ұстаздар мен оқушыларды,ата-аналарды білім күні мерекесімен құттықтады

berdaly_oraz