Дереккөз, фото: Арыс қаласы әкімдігі
Арыс қаласында ұлттық өнерді насихаттауға бағытталған «Халық әуені» мәдени жобасы аясында ауқымды концерттік бағдарлама өтті. Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен және Қазақстан Халық банкі демеушілігімен ұйымдастырылды.
Жобаның негізгі мақсаты – ұлттық мәдени мұраны дәріптеу, қазақ өнерінің таңдаулы туындыларын өңір тұрғындарына кеңінен таныстыру және шалғай елді мекендердегі көрерменге рухани кеш сыйлау.
Мерекелік кешке қазақ өнерінің белгілі өкілі Алтынбек Қоразбаев бастаған өнерпаздар қатысты. Қонақтарды Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев мен қала тұрғындары арнайы қарсы алып, құрмет көрсетті.
Концерт Арыс қалалық Мәдениет үйінде жалғасып, кеш барысында дәстүрлі әндер мен заманауи шығармалар орындалды. Көрермендер өнерпаздардың өнеріне ерекше ықылас танытып, әрбір әнді зор қошеметпен қарсы алды.
Іс-шара барысында қала әкімі сөз сөйлеп, ұлттық өнердің дамуына үлес қосып жүрген Алтынбек Қоразбаевқа алғыс білдіріп, қазақы дәстүрге сай құрмет көрсетті.
Кеш соңында орындалған әндер көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, өнерпаздарға ұзақ қол шапалақталды.
Айта кетейік, «Халық әуені» жобасы еліміздің әр өңірінде ұйымдастырылып, мәдени мұраны насихаттауға бағытталған рухани бастамалардың бірі ретінде жүзеге асырылып келеді.
