Арыс қаласында тазалық пен абаттандыру талаптарының сақталуын бақылау мақсатында құрылған арнайы жұмысшы топ кезекті рейдтік іс-шараларын өткізуде.
Рейд барысында қала аумағымен қатар, ауылдық округтердегі санитарлық тазалық жағдайы да назарға алынуда. Атап айтқанда, Арыс–Шымкент тасжолы бойында сауда жасап отырған бірқатар азаматтардың тұрмыстық және сауда қалдықтарын белгіленбеген орындарға тастағаны анықталды.
Сонымен қатар, қала орталығында жүргізілген рейд кезінде кейбір кәсіпкерлік нысандардың іргелес аумақтарында құрылыс материалдары мен түрлі қоқыстардың жинақталып қалғаны анықталды. Мұндай жағдайлар қаланың көркін бұзып қана қоймай, белгіленген абаттандыру талаптарының сақталмауына алып келеді.
Жұмысшы топ мүшелері анықталған заңбұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылдап, бірқатар азаматтарға қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік айыппұл салды. Заң талаптарын қайта бұзған жағдайда жауапкершілік шараларының күшейтілетіні туралы ескертілді.
Қала тазалығы – баршаға ортақ міндет. Осыған орай қала тұрғындары мен кәсіпкерлік нысан иелерін өздеріне тиесілі және іргелес аумақтардың тазалығын сақтап, абаттандыру талаптарын қатаң орындауға шақырамыз.
Тазалық талаптарының сақталуын бақылауға бағытталған рейдтік іс-шаралар қала аумағында тұрақты түрде жалғасатын болады.
