Арыстың жас сарбаздары елге жеңіспен оралды: «Айбын-2026» кубогы Түркістанға келді

Арыс қаласының теміржол вокзалында XII халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны «Айбын-2026» жеңімпаздары салтанатты түрде қарсы алынды. Ақмола облысының Щучинск қаласында өткен халықаралық додада «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының «Оңтүстік арландары» әскери-патриоттық клубының құрамындағы арыстық оқушылар жалпыкомандалық есепте І орынды жеңіп алып, өңір абыройын асқақтатты.

Жеңімпаздарды туған жерінде қала әкімдігі өкілдері, гарнизон әскери қызметшілері, Қарулы күштердің ардагерлері, ата-аналар мен жақындары зор қошеметпен қарсы алды. Әскери оркестр сүйемелдеген салтанатты рәсім жас сарбаздар үшін ерекше әсерлі сәтке айналды.

Биылғы халықаралық әскери-патриоттық жиынға Қазақстан және Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Әзербайжаннан келген 64 команда, мыңға жуық жас сарбаз қатысты. Қатысушылар әскери-спорттық, зияткерлік және шығармашылық бағыттар бойынша сынға түсті. Сонымен қатар алғаш рет жүзу мен жасанды интеллектіні меңгеру дағдылары да бағаланды.

Арыс құрамасы әскери-қолданбалы жарыстарда жоғары дайындық пен темірдей тәртіптің үлгісін көрсетіп, қарсыластарынан оза шапты. Айта кетерлігі, өткен жылы да жүлдегер атанған арыстықтар биыл жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

Жиынның жабылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Президенті арнайы қатысып, жас сарбаздарды құттықтап, олармен жүздесіп, естелік суретке түсті.

Арыс командасының жеңісі – жастардың әскери-патриоттық тәрбиесінің, табандылығы мен Отанға деген сүйіспеншілігінің жарқын дәлелі болды.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістанда түстен кейін де референдумға қатысу деңгейі жоғары

Redaktor Arysinfo

Интернет-алаяқтықтың алдын алу: Арыста түсіндіру жұмыстары жүргізілді

berdaly_oraz

Сарыағаштық боксшы халықаралық турнирде қола жүлдегер атанды

berdaly_oraz