АУЫЛҒА ИНФРАҚҰРЫЛЫМ, ТҰРҒЫНҒА МҮМКІНДІК: АБЗАЛ ӘУЕЛБЕКОВТІҢ ДАМУ БАҒЫТТАРЫ

Сапалы жол, тұрақты электр қуаты, табиғи газ, жаңа жұмыс орындары мен қолжетімді әлеуметтік қызметтер – ауыл тұрғындарының басты сұраныстары. Арыс қалалық мәслихатының депутаттығына үміткер Абзал Әуелбеков сайлауалды бағдарламасында Дермене, Теміржолшы, 40-разъезд және «Лесхоз» елді мекендерінің дамуына басымдық беріп, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған бірқатар бастаманы ұсынған.

Абзал Тұрсымбекұлы Әуелбеков 1988 жылғы 6 қыркүйекте Арыс қаласында дүниеге келген. Алғашқы білімін Ә. Жанкелдин атындағы №32 жалпы білім беретін мектепте алып, кейін Арыс теміржол колледжінде білімін жалғастырған. 2008 жылы Алматы қаласындағы «Қазақ қатынас жолдары» университетін тәмамдаған.

Еңбек жолын «Алматы-1» теміржолында оператор болып бастаған. 2012 жылдан бастап кәсіпкерлікке бет бұрып, жеке бизнесін дамытты. 2013 жылы шетелден автокөлік тасымалдау ісін қолға алып, кейін өндіріс пен инвестиция салаларындағы жобаларын кеңейтті.

Кәсіпкерлік қызметі барысында «Кекс-Круг» компаниясына инвестиция салып, Шымкент қаласында «888» қоғамдық моншасын ашты. Сонымен қатар «Мега-Травитин» құрылыс материалдарын өңдеу өндірісін және «SAQ» желдету жүйелерін өндіретін кәсіпорынды іске қосты. Қазіргі таңда аталған өндіріс орындары мен қоғамдық моншаның директоры қызметін атқарады.

Кәсіпкерлік пен өндіріс саласында жинақтаған тәжірибесін енді туған өңірінің дамуына бағыттауды мақсат еткен үміткер ауыл тұрғындарын толғандырған мәселелерді шешуге атсалысуды көздейді.

Сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыты – ауылдардың инженерлік және коммуналдық инфрақұрылымын жақсарту. Абзал Әуелбеков Дермене, Теміржолшы, 40-разъезд және «Лесхоз» елді мекендерін табиғи газбен қамту жұмыстарын кезең-кезеңімен жалғастыруға ықпал етуді жоспарлаған.

Сондай-ақ электр желілерін жаңғырту, тозығы жеткен ағаш бағаналарды бетон тіректерге ауыстыру және электр қуатының тұрақты берілуі мәселелерін көтермек. Ауылішілік жолдарды жөндеу, елді мекендерді байланыстыратын автожолдардың сапасын жақсарту, көшелерді жарықтандыру, ауызсу және кәріз жүйелерін дамыту да назардан тыс қалмаған.

Бұдан бөлек, ауыл көшелері мен қоғамдық орындарды абаттандыру арқылы тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру көзделген.

Үміткердің пікірінше, ауылдың тұрақты дамуы үшін инфрақұрылыммен қатар, экономикалық белсенділікті арттыру да маңызды. Осыған байланысты тұрғындардың жеке кәсіп ашуына, шағын және орта бизнесті дамытуына қолайлы жағдай жасау мәселесін көтеруді жоспарлап отыр.

Әсіресе жастар мен жұмыссыз азаматтарды кәсіпкерлікке баулу, мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдетілген қаржыландыру мүмкіндіктері туралы ақпараттандыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен шағын кәсіп иелеріне қолдау көрсету бағыттарына басымдық берілген.

Жаңа кәсіпорындар мен шағын өндірістердің ашылуы ауылдағы жұмыспен қамту мәселесін шешуге және тұрғындардың табысын арттыруға ықпал ететін маңызды тетіктердің бірі.

Бағдарламада әлеуметтік саланы жетілдіру мәселелері де қамтылған. Ауыл мектептері мен балабақшалардың материалдық-техникалық базасын жақсарту, медициналық мекемелердің қызмет сапасын арттыру және алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуге ықпал ету көзделеді.

Сонымен қатар мәдениет үйлері мен спорт нысандарын дамыту, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау, әлеуметтік нысандарды кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету және цифрлық қызметтердің қолжетімділігін арттыру ұсынылған.

Ауылдық жерлерге білім беру, медицина, мәдениет, спорт және ауыл шаруашылығы салалары бойынша жас мамандарды тарту да маңызды міндеттердің қатарында. Бұл бастама ауылдағы кадр тапшылығын азайтып, жастардың туған жерінде тұрақтап қалуына мүмкіндік беретін бағыт ретінде қарастырылған.

Абзал Әуелбеков сайлауалды бағдарламасында халықпен тұрақты байланыс орнатуға ерекше мән берген. Тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын назарда ұстап, өзекті мәселелерді тиісті мекемелер алдында көтеру, әр елді мекеннің қажеттілігіне қарай шешу жолдарын ұсыну жоспарланған.

Сондай-ақ халықпен тұрақты кездесулер өткізіп, атқарылған жұмыстар туралы ашық есеп беру көзделіп отыр.

Үміткердің негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға, кәсіпкерлік әлеуетті арттыруға және елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуға үлес қосу. Оның сайлауалды бағдарламасында көтерілген мәселелердің барлығы ауыл халқының күнделікті тұрмысымен тікелей байланысты. Ендігі маңызды міндет – осы бастамаларды тұрғындардың талап-тілегімен ұштастырып, олардың шешілуіне жүйелі түрде ықпал ету.

Жарияланым кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан төленді.

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: СОЗАҚТА ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛЫП ЖАТЫР

Redaktor Arysinfo

Журналист Думан Мұхамедкәрімнің ісін Бас прокуратура қайта тексермек

berdaly_oraz

ҰСТАЗҒА ҚҰРМЕТ – ҰЛТҚА ҚҰРМЕТ: АРЫСТА «ҮЛГІЛІ ҰСТАЗ–2026» АНЫҚТАЛДЫ