ҮШ ҰСТАЗҒА – ЕЛ АЛДЫНДАҒЫ ЕРЕН ЕҢБЕК ҮШІН ЖОҒАРЫ МАРАПАТ

Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласының дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген бір топ педагогке мемлекеттік наградалар табыс етті. Мәртебелі марапатқа Түркістан облысының үш білім саласының өкілі де ие болды.

Төлеби ауданындағы Бірінші мамыр жалпы білім беретін мектебінің көркем еңбек пәні мұғалімі Тагаева Гүлмира Тұрдыбекқызына «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы берілді. Арнайы төсбелгі табысталған ұстаздың кәсіби шеберлігі мен ұрпақ тәрбиесіне сіңірген еңбегі осылайша ел деңгейінде жоғары бағаланды.

Ал «Қапланбек жоғары аграрлық-техникалық колледжінің» оқытушысы, «Агроэкология» бөлімінің меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Аханов Дәулетназар Дәулетбаевич «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Білім мен ғылымды ауыл шаруашылығымен ұштастырып жүрген маманның еңбегі техникалық және кәсіптік білім беру саласының дамуына қосылған маңызды үлес ретінде бағаланды.

Сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің «Орындаушылық өнер» кафедрасының доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Алма Қожахметова да «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды. Оның білім, ғылым және өнер саласындағы кәсіби қызметі мемлекеттік деңгейде мойындалды.

Бұл – бір ғана марапаттың емес, тұтас Түркістан өңіріндегі ұстаздар қауымының еңбегіне көрсетілген зор құрмет. Себебі елдің ертеңін тәрбиелейтін ұстаздың еңбегі – ұлт болашағына салынған инвестиция.

Түркістандық үш педагогтің жоғары мемлекеттік наградаға ие болуы өңірдегі білім саласы мамандарының кәсіби әлеуетін тағы бір мәрте айшықтап отыр.

Мәртебелі марапат иелерін құттықтап, еңбектеріне толағай табыс, шәкірттеріне биік белестер тілейміз!

Ұқсас жаңалықтар

ОРДАБАСЫДА ЖАҢА КІРПІШ ЗАУЫТЫ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

berdaly_oraz

АҚШ–Иран мәмілесі мұнай нарығын өзгертті

Redaktor Arysinfo

Шымкентте Антикор экс-басшысының орынбасары 11 жылға сотталды

berdaly_oraz