Арыс қаласының Құрметті азаматы, белгілі журналист, ақын, ұлағатты ұстаз, Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі Ысқабай Төлебай Яхияұлының дүниеден өтуіне байланысты отбасы мен туған-туыстарына, жақындарына қайғыра көңіл айтамыз.
Ысқабай Төлебай Яхияұлы 1936 жылы 15 қыркүйекте Байырқұм ауылында дүниеге келген. Саналы ғұмырын білім беру саласына, журналистика мен әдебиетке арнаған ардақты азамат елдің рухани-мәдени дамуына елеулі үлес қосты. Ұстаздық жолында талай шәкірттің бойына білім мен тәрбие дарытып, өмір жолына бағыт-бағдар берсе, қаламгерлік еңбегі арқылы оқырман жүрегінен орын тапты.
Өзінің білімі мен білігін, шығармашылық қабілеті мен азаматтық ұстанымын ел игілігіне жұмсаған қайраткердің еңбегі лайықты бағаланып, Арыс қаласының Құрметті азаматы атанды. Ол артына тағылымды із, өнегелі өмір жолы мен мол рухани мұра қалдырды. Ғибратты ғұмыры мен жарқын бейнесі ел жадында сақталып, кейінгі ұрпаққа үлгі болып қала бермек.
Қадірлі азаматтың дүниеден өтуіне байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, барша жақындарына қайғыра көңіл айтып, орны толмас қазаның ауыртпалығын бірге бөлісеміз.
Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта, топырағы торқа болсын!
