Түркістан төрінде қазақ әнін әлемге танытқан халықаралық «Voice of Turan – 2026» фестивалі мәресіне жетті. Екі күнге созылған өнер додасына әлемнің 20-ға жуық елінен келген әншілер қатысып, қазақ композиторларының таңдаулы шығармаларын орындады.
Биылғы байқаудың басты жаңалығы – Қазақ әнін қазақша шырқаған Куба әншісі Диана Тариннің Гран-при иеленуі. Шетелдік өнерпаздың қазақ тіліндегі әндерді орындауы көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.
Байқауға Франция, Испания, Италия, Сан-Марино, Тунис, Венесуэла, Индонезия, Ватикан, Беларусь, Болгария, Тыва, Грузия, Армения, Мексика, Марокко, Куба, Гвинея, Қарачай Республикасы, Башқұртстан және Бразилиядан өнерпаздар қатысты.
Осылайша Түркістан сахнасы екі күн бойы түрлі елдердің мәдениетін тоғыстырып, қазақ ән өнерінің халықаралық деңгейдегі әлеуетін көрсетті.
Қатысушылардың өнерін еліміздің белгілі мәдениет және өнер қайраткерлерінен құралған қазылар алқасы бағалады. Олардың қатарында Төлеген Мұхаммеджанов, Нұржамал Үсенбаева, Бағлан Омаров, Гүлнұр Оразымбетова, Құрмаш Махан, Жұбаныш Жексенұлы және Мейіржан Алиакбаров бар.
Байқау қорытындысы бойынша:
Гран-при – Куба: Диана Тарин;
І орын – Болгария: Александра Георгиева;
ІІ орын – Сан-Марино: Мариям Танкреди және Беларусь: Виталий Дроб;
ІІІ орын – Мексика: София Менесес және Тыва: Аржаана Стал-оол.
Бұдан бөлек, Қырғызстан, Франция, Италия, Тунис, Индонезия және Армения өкілдеріне арнайы дипломдар табысталды. Ал Венесуэладан келген Луис Эрнесто Хил «Ең үздік аранжировка» жүлдесін иеленді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар және қаржылай сыйлықтар табысталды.
Салтанатты марапаттау рәсімінде фестивальдің бас продюсері Мейіржан Алиакбаровқа Тыва Республикасы Мәдениет министрінің атынан арнайы алғыс хат табысталды.
Айта кетейік, 28 қыркүйек күні Түркістанда «Voice of Turan» фестивалі аясындағы «Zhibek zholy әуендері» атты гала-концерт өтеді. Кеште Қырғызстаннан Jax пен Дастан Кенчинбаев, Әзірбайжаннан Нармин, Башқұртстаннан Зайнетдин, Тывадан Сайзана Сюрюн, Қарақалпақстаннан Алишер Байниязов және Өзбекстаннан Ozoda Nursaidova өнер көрсетеді.
