ҚЫЗҒАЛДАҚҚА АРНАЛҒАН ФЕСТИВАЛЬ ӨТЕДІ 

Жамбыл өңірінде көктемнің ең көркем мезгілін айшықтайтын ерекше шара өтпек. Осы сенбі, яғни 25 сәуір күні Талас ауданындағы Есейхан ауылы маңында «Қызғалдақ мұра» халықаралық фестивалі ұйымдастырылады.
Фестивальдің басты ерекшеліктерінің бірі — Нидерланд Корольдігі Жамбыл облысына өңір аумағына отырғызу үшін 40 000 қызғалдақ пиязшығын табыстауды жоспарлап отыр. Бұл қадам аймақтың флорасын байытып қана қоймай, экологиялық туризмді дамытуға жаңа мүмкіндік ашады.

Шара аясында келушілерге арналған мазмұнды әрі қызықты бағдарлама әзірленген. Атап айтқанда, 20 киіз үйден тұратын этноауыл құрылып, онда қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен дәстүрлері таныстырылады. Сондай-ақ сахнада өңір өнерпаздарының қатысуымен концерттік бағдарлама өтеді.

Фестиваль қонақтары «Қызғалдақтың шығу тарихы» атты театрландырылған қойылымды тамашалап, ұлттық спорт түрлерінен жарыстарға қатыса алады. Бұдан бөлек, фудкорт аймақтары мен тақырыптық фотозоналар жұмыс істейді. Қазақ халқының көне дәстүрлерінің бірі — «Қымызмұрындық» рәсімі де көрсетіліп, келушілерге ерекше әсер сыйламақ.
Іс-шара барысында өңірдің туристік әлеуетін таныстыру мақсатында танымдық экскурсиялар ұйымдастырылады. Бұл Жамбыл облысының табиғи байлығы мен тарихи орындарын кеңінен насихаттауға бағытталған.

«Қызғалдақ мұра» фестивалі Жамбыл өңірін Грейг қызғалдағының тарихи отаны ретінде танытып, табиғатты қорғау мен мәдени мұраны дәріптеуді көздейді. Ұйымдастырушылар облыс тұрғындары мен қонақтарын осы жарқын мерекеге қатысып, көктемнің көркін бірге тамашалауға шақырады.

Ұқсас жаңалықтар

МАҚТААРАЛДА КЕЗЕКТІ АППАРАТ МӘЖІЛІСІ ӨТТІ

berdaly_oraz

Assistem — «Қазақстандық атом электр станциялары» техникалық кеңесшісі рөліне ие болды

Шымкентте 3 жастағы бала биіктен құлап мерт болды