Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі Абдулла Ариповтың қатысуымен өткен Қазақстан мен Өзбекстан өңірлері басшылары кеңесінің алғашқы отырысына қатысты.
Жиында өңір басшысы Қазақстан мен Өзбекстанды ғасырлар бойы қалыптасқан ортақ тарих, рухани-мәдени құндылықтар және берік достық байланыстар біріктіретінін атап өтті.
– Мемлекеттеріміз басшыларының саяси ерік-жігерінің арқасында екі ел арасындағы тату көршілік пен стратегиялық серіктестік жаңа деңгейге көтеріліп, өзара тиімді әрі ұзақ мерзімді ынтымақтастық нығая түсті. Бұл өңіраралық байланысты дамытуға және ортақ жобаларды жүзеге асыруға тың серпін береді, – деді Нұралхан Көшеров.
Облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Қазақстан мен Өзбекстан бәсекелес те, қарсылас та емес. Біз – стратегиялық серіктес, сенімді одақтас, прогресс пен даму жолында бірге келе жатқан елдерміз» деген сөзін келтіріп, бұл серіктестіктің алдағы уақытта да екі елдің және өңірлердің өркендеуіне негіз болатынына сенім білдірді.
Кеңес аясында өңіраралық ынтымақтастықты кеңейту, сауда-экономикалық байланыстарды нығайту, инвестиция тарту және бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды. Бұл бастамалар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға ықпал етеді.
