Дереккөз, фото: Ордабасы ауд әкімдігі
Ордабасы ауданында ұлт руханиятының жанашыры, баспагер-журналист, «Жібек жолы» журналының бас редакторы әрі «Жібек жолы» баспасының президенті Төрекелді Байтасовты еске алуға арналған «Байтасовтың байтақ әлемі» атты рухани кеш өтті.
Аудандық өнер мектебінде ұйымдастырылған шараны аудандық орталық кітапхана мен аудандық тілдерді оқыту және дамыту орталығы өткізді. Кеш барысында қаламгердің қазақ әдебиеті мен журналистикасына қосқан еңбегі, азаматтық ұстанымы және ұлттық руханият жолындағы қызметі кеңінен айтылды.
Жиында аудан әкімінің орынбасары Илияс Турнияз сөз сөйлеп, Төрекелді Байтасовтың өмір жолы мен ел игілігі жолындағы еңбегі кейінгі буынға өнеге екенін атап өтті.
Тағылымды кеш барысында қаламгердің анасы мен жақындары естеліктерімен бөліссе, ақын-жазушылар оның шығармашылық болмысы мен адамгершілік қасиеттерін тебіреніспен еске алды.
Кеш соңында арнау әндер орындалып, көпшілік назарына «Періште пейіл Төрекелді» атты бейнебаян ұсынылды.
