Дереккөз, фото: Сайрам ауд әкімдігі
Сайрам ауданында тұрғындардың қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған маңызды жиын өтті. Оған аудан әкімі Мадияр Мұхтарұлы Оразалиев, аудандық полиция басқармасының бастығы Еркеғали Мейірбеков, сондай-ақ ауылдық округ әкімдері мен жауапты бөлім басшылары қатысты.
Жиында аудан аумағындағы бейнебақылау жүйесінің қазіргі жағдайы талданып, әсіресе аудандық және облыстық маңызы бар көшелердегі камералардың қамту деңгейі мен тиімділігі қарастырылды. Бұл бағыттағы жұмыстардың жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен құқықбұзушылықтың алдын алудағы маңызы ерекше екені атап өтілді.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 2026 жылы ауданға 80 дана Сергек жүйесі камерасын және қосымша 560 бейнебақылау камерасын орнату жоспарланып отыр. Жоба қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға және тәртіпті бақылауды жүйелеуге бағытталған.
Қазіргі таңда камераларды орнату орындары аудандық полиция басқармасы мен ауылдық округ әкімдіктерімен бірлесіп нақтыланып жатыр.
