ТҮРКІСТАНДА ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМДЕР ЖҮЙЕСІ ӨЗГЕРЕДІ: 2027 ЖЫЛДАН БАСТАП ЖАҢА ТӘРТІП ЕНГІЗІЛЕДІ

Мемлекеттік қолдау отбасының әл-ауқаты мен нақты мұқтаждық деңгейіне қарай тағайындалмақ

Қазақстанда әлеуметтік төлемдерді тағайындау жүйесін жетілдіруге бағытталған реформа қолға алынды. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдердің 14 түрін тағайындау кезінде отбасының әл-ауқат деңгейі ескеріледі. Бұл туралы Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлы БАҚ өкілдеріне арналған брифингте мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, қазіргі таңда республикалық бюджеттен әлеуметтік жәрдемақылардың 36 түрі төленеді. Оларды алушылар саны 3,2 миллион адамға жетсе, жыл сайынғы шығын көлемі 2,1 триллион теңгені құрайды.

Жаңа тәртіп бойынша Отбасының цифрлық картасы арқылы анықталатын әл-ауқат деңгейі ескеріледі. Жоғары әл-ауқатты «А» және ауқатты «В» санатындағы отбасыларға белгіленген 14 төлем түрі тағайындалмайды.

Басқарма басшысының түсіндіруінше, реформа әлеуметтік қолдауды толығымен тоқтатуды емес, көмекті нақты мұқтаж азаматтарға бағыттауды көздейді. Егер отбасының әл-ауқаты төмендеп, санаты өзгерсе, тиісті төлемдерді алу құқығы қайта қаралады. Әр төлем бойынша құқық жеке бағаланып, зейнеткерлерге қатысты ерекшеліктер де ескеріледі.

Отбасының әлеуметтік жағдайы бес санат бойынша бағаланады: «А» – әл-ауқаты жоғары, «В» – ауқатты, «С» – қанағаттанарлық, «D» – экономикалық осал және «Е» – экономикалық әрі әлеуметтік осал.

Бағалау мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі деректер негізінде автоматты түрде жүргізіледі. Бұл ретте отбасының табысы, құрамы, жылжымайтын мүлкі, көлік құралдары, кәсіпкерлік қызметі, жері мен малы, еңбек қызметі, әлеуметтік төлемдері және қаржылық міндеттемелері ескеріледі. Азаматтардан қосымша құжаттар талап етілмейді.

Реформаның негізгі мақсаты – бюджет қаражатын қысқарту емес, әлеуметтік ресурстарды әділ бөлу және мемлекеттік көмекті шын мәнінде мұқтаж отбасыларға бағыттау. Оңтайландыру нәтижесінде үнемделген қаражатты әлеуметтік-экономикалық дамудың басым бағыттарына жұмсау көзделіп отыр.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістанда Түлкібас және Сайрам аудандарының кәсіпкерлері өзекті мәселелерін ортаға салды

berdaly_oraz

БАЗАРЛАРДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІК ПЕН САНИТАРЛЫҚ ТАЗАЛЫҚ НОРМАЛАРЫ БАҚЫЛАУДА

berdaly_oraz

«Түркістан әуендері»: ашық аспан астындағы концерт тұрғындарға ерекше көңіл күй сыйлады

Redaktor Arysinfo