Түркістан облысының Созақ ауданында экологиялық ахуалды тұрақтандыру мақсатында маңызды жұмыстар қолға алынды. Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі тарапынан Тасөткел су қоймасынан Шу өзені арқылы өңірге су жіберу шаралары жүйелі түрде жүргізілуде.
Қазіргі таңда Созақ ауданына бағытталған су көлемі 950 миллион текше метрге жетті. Бұл – аймақтың табиғи тепе-теңдігін сақтап, жергілікті экожүйені қалпына келтіруге бағытталған ауқымды бастамалардың бірі.
Жіберіліп жатқан су, ең алдымен, құрғап бара жатқан аумақтарды ылғалдандырып, жайылым мен шабындық жерлердің жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізуде. Сонымен қатар, бұл шара жер асты суларының деңгейін көтеруге және биоалуантүрлілікті сақтауға мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, мұндай экологиялық мақсаттағы су жіберу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Себебі өңірдегі табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мен қоршаған ортаны қорғау – басты назардағы мәселелердің бірі.
Жалпы, аталған бастама Созақ ауданының экологиялық жағдайын жақсартып қана қоймай, ауыл шаруашылығы саласының дамуына да оң ықпал етпек.
