ТӨЛЕГЕН ӘЛІШЕР: «ХАЛЫҚТЫҢ СЕНІМІН АҚТАУ – БАСТЫ МАҚСАТЫМ»

Арыс қалалық мәслихатының депутаттығына үміткер Төлеген Әлішер Нұрланұлы өзінің сайлауалды тұғырнамасы мен бағдарламасын таныстырды. Кандидаттың басты мақсаты – қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ету, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту, жастар саясатын қолдау, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың өзекті мәселелерінің шешілуіне атсалысу.

Арыс қаласында туып-өскен Төлеген Әлішер Нұрланұлының мамандығы – құқықтану. Еңбек жолында ұйымдастыру жұмыстары мен тұрғындардың өтініштерін қарауға байланысты қызметтер атқарған.

Туған қаласының болашағына бейжай қарамайтын үміткер депутаттық қызмет арқылы халықтың мүддесін қорғап, Арыстың дамуына үлес қосуды көздейді.

Кандидаттың сайлауалды бағдарламасы «Әділет» партиясының құндылықтары мен бағдарламалық басымдықтарына негізделген. Онда әлеуметтік әділдік, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру, жастарды қолдау, білім мен спортты дамыту, экологиялық тазалықты сақтау және халықпен ашық байланыс орнату мәселелері қамтылған.

Үміткердің ұстанымынша, қаланың дамуы ең алдымен тұрғындарды күнделікті толғандыратын мәселелердің шешілуінен басталуы тиіс. Сапалы жол, тұрақты ауызсу, қолжетімді медицина, білім беру және жаңа мүмкіндіктер – халықтың өмір сүру сапасын арттырудың негізгі алғышарттары.

Төлеген Әлішердің сайлауалды бағдарламасындағы маңызды бағыттардың бірі – Арыс қаласының инфрақұрылымын жақсарту.

Кандидат қала көшелеріндегі жолдардың сапасын арттыруға, жөндеуді қажет ететін жолдарды қалпына келтіруге және көше жарықтандыру жүйесін жетілдіруге ықпал етуді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар жаяу жүргіншілер жолдарын салу, тұрғындардың қауіпсіз қозғалысына жағдай жасау, көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру және балалар ойын алаңшаларын жаңарту мәселелеріне ерекше назар аударылған.

Үміткер балаларға арналған ойын алаңдарын заманауи әрі қауіпсіз жабдықтармен қамтамасыз ету, аулаларға жарық шамдары мен орындықтар орнату, қоғамдық кеңістіктерді тұрғындарға қолайлы ету бастамаларын қолдауды көздейді. Кандидаттың бағдарламасында әлеуметтік қорғау мәселелеріне де басымдық берілген.

Атап айтқанда, көпбалалы және әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардың мәселелерін тиісті мемлекеттік органдарға жеткізу, ардагерлер мен мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін қолдау шараларының тиімділігін арттыру көзделген.

Сонымен қатар мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын жақсарту, тұрғындардың заңды құқықтары мен мүдделерінің қорғалуына ықпал ету маңызды міндеттердің бірі ретінде белгіленген.

Үміткер әлеуметтік әділдік қағидаты әрбір азаматтың өмірінен нақты көрініс табуы қажет деп есептейді.

Төлеген Әлішердің сайлауалды бағдарламасында жастар саясаты мен бұқаралық спортты дамытуға айрықша мән берілген.

Кандидат жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, салауатты өмір салтын насихаттау, спорттық үйірмелер мен секциялардың жұмысын жандандыру бағытындағы бастамаларды қолдауды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ жасөспірімдер арасында нашақорлық пен алкогольдік тәуелділіктің алдын алу, профилактикалық жұмыстарды күшейту және жастарды қоғамдық пайдалы істерге тарту мәселелері назарда болады.

Үміткер аула клубтарының жұмысын жандандыруға, білім беру ұйымдарындағы үйірмелер санын арттыруға және спорт алаңдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға ықпал етуді көздейді.

Бағдарламадағы маңызды бастамалардың бірі – Арыс қаласында заманауи талаптарға сай Оқушылар сарайын салу мәселесін көтеру.

Кандидаттың пайымдауынша, мұндай орталық балалардың шығармашылық, ғылыми және спорттық қабілеттерін дамытуға, олардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді.

Үміткер білім беру сапасын арттыруды және жас ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасауды маңызды міндеттердің бірі санайды.

Осы бағытта мектеп оқушыларының сапалы білім алуына, дарынды балалардың қабілетін дамытуға, қосымша білім беру мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған бастамаларды қолдау көзделген.

Сонымен бірге ұлттық мәдениет пен рухани құндылықтарды дәріптеу, жастардың бойында отансүйгіштік сезімін қалыптастыру, қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайту мәселелеріне назар аударылған.

Кандидат жас мамандар мен жас отбасыларды қолдауға бағытталған мемлекеттік шаралардың қолжетімділігін арттыруға да ықпал етуді жоспарлап отыр.

Арыс қаласының экологиялық жағдайын жақсарту, санитарлық тазалықты сақтау және елді мекендерді көгалдандыру – кандидаттың сайлауалды бағдарламасындағы маңызды бағыттардың бірі.

Үміткер Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында қаланың тазалығын қамтамасыз етуге, тұрмыстық қалдықтарды уақытылы шығару жүйесін жетілдіруге және заңсыз қоқыс орындарының пайда болуының алдын алуға бағытталған жұмыстарды қолдауды көздейді.

Сонымен қатар ағаш отырғызу, жасыл желектерді күтіп-баптау, көшелер мен аулаларды абаттандыру және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру мәселелеріне басымдық берілген.

Кандидаттың пікірінше, таза әрі көрікті қала қалыптастыру тек коммуналдық қызметтердің міндеті емес, бұл – әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі.

Төлеген Әлішер Нұрланұлы халықпен тұрақты байланыс орнатуды өзінің негізгі міндеттерінің бірі ретінде қарастырады.

Үміткер сайлау округінің тұрғындарымен жүйелі кездесулер өткізіп, олардың ұсыныстары мен өтініштерін қабылдауды, көтерілген мәселелерді тиісті мемлекеттік органдарға жеткізуді және шешілу барысын бақылауды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар қалалық бюджет қаражатының тиімді әрі ашық жұмсалуына қатысты мәселелерді көтеру, жергілікті атқарушы органдардың жұмысына депутаттық бақылау жүргізу және тұрғындарға атқарылған жұмыстар жөнінде тұрақты есеп беру көзделген.

Кандидат халық мүддесін қорғауда депутаттық сауалдар мен заңда көзделген өзге де өкілеттіктерді тиімді пайдалануға ниетті.

Төлеген Әлішер Нұрланұлы өзінің сайлауалды тұғырнамасында депутаттық қызметтің нәтижесі нақты атқарылған істермен бағалануы тиіс екенін атап көрсеткен.

Оның ұстанымынша, әрбір елді мекеннің мәселесіне бірдей көңіл бөлініп, тұрғындардың тұрғылықты жеріне қарамастан лайықты өмір сүруіне жағдай жасалуы қажет.

Үміткер сайлауалды бағдарламасында көтерілген бастамаларды қаланың даму жоспарлары мен бюджет жобаларын қарау барысында назарға ұсынып, олардың орындалуына депутаттық өкілеттігі шеңберінде ықпал етуді көздейді.

«Мен үшін депутаттық жұмыстың басты нәтижесі – халықтың өміріндегі нақты өзгерістер. Әрбір елді мекенге тиісті көңіл бөлініп, тұрғылықты жеріне қарамастан барлық тұрғынға лайықты өмір сүру жағдайы жасалуға тиіс. Мен үшін әділдік пен халық алдындағы жауапкершіліктің мәні осында», – деп атап көрсетеді үміткер өзінің сайлауалды тұғырнамасында.

Жарияланым кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан төленді.

Ұқсас жаңалықтар

«Қазсушардың» Түркістан филиалының екі өндірістік учаскесінің басшылары жұмыстан уақытша шеттетілді

Түркістан облысында биыл 16 жаңа жайлы мектеп пайдалануға берілмек

berdaly_oraz

Трамп: Иран келісімге келуге жақын