ҒҰМЫРНАМА
Төлен Мырзахмет Ержанұлы, 1994 жылғы 8 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласы, Ақдала ауылында дүниеге келген.
Еңбек жолын 2017 жылы Арыс қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасында қоғамдық жұмыскер болып бастаған.
2018 жылғы 3 қаңтар мен 28 сәуір аралығында Арыс қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасында қоғамдық жұмыскер қызметін атқарды.
2018 жылғы 2 мамыр мен 31 мамыр аралығында аталған басқармада қоғамдық жұмыскер болып еңбек еткен.
2018 жылғы 1 маусымнан 23 қарашаға дейін Арыс қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасында жастар тәжірибесі бағдарламасы бойынша жұмыс істеген.
2019 жылғы 15 мамырдан 2 қыркүйекке дейін және 3 қыркүйектен 15 қарашаға дейін Арыс қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасында қоғамдық жұмыскер қызметін атқарды.
2019 жылғы 6 желтоқсаннан 2020 жылғы 26 наурызға дейін Арыс қаласы, «Ақдала ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінде бас маман-статист, салық агенті міндетін уақытша атқарушы қызметін атқарды.
2020 жылғы 26 наурыздан 2021 жылғы 31 тамызға дейін аталған мекемеде бас маман-статист, салық агенті қызметін атқарды.
2021 жылғы 31 тамыздан бастап қазіргі уақытқа дейін Арыс қаласы, «Ақдала ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінде бас маман қызметін атқарып келеді.
Отбасылы. Екі ұл және бір қыз тәрбиелеп өсірген.
Еңбек жолы барысында мемлекеттік қызмет көрсету, ауылдық округ тұрғындарымен жұмыс жүргізу, салықтық және әлеуметтік мәселелерді үйлестіру бағыттарында тәжірибе жинақтаған.
Төлен Мырзахмет Ержанұлының сайлауалды
ТҰҒЫРНАМАСЫ
Құрметті Ақдала ауылының тұрғындары!
ҚР Президентінің реформалары мен жоғары тұрған органдардың тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында ауылшаруашылығы кооперативтерін құру арқылы сүт және ет өнімдерін дамыту мәселесін жүзеге асырамын.
Егер Сіздер маған сенім білдіріп, Ақдала ауылдық округінің әкімі етіп сайлайтын болсаңыздар, ауыл тұрғындарының мүддесін басты орынға қойып, округтің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асыруға бар күш-жігерімді жұмсаймын.
Менің басты мақсатым – Ақдала ауылдық округінің тұрақты дамуына жағдай жасау, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру және ауылдың әлеуметтік мәселелерін кезең-кезеңімен шешу.
1. Ішкі жолдарды жөндеу
Ауылдық округтегі ішкі көшелердің жағдайын жақсарту мақсатында орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша тиісті ұсыныстар енгізіп, кезең-кезеңімен іске асуына жұмыс жасаймын.
2. Көшелерді жарықтандыру
Ақдала ауылының көшелерін жарықтандыру мәселесін шешуге басымдық беремін. Қажетті жерлерге жарықтандыру жүйесін орнату және қолданыстағы жүйелерді жақсарту бойынша жұмыстарды ұйымдастырамын.
3. Суару жүйелерін жақсарту
Егістік алқаптарға су жеткізетін каналдардың жағдайын тұрақты бақылауда ұстап, оларды механикалық тазалау жұмыстарын жүргізуге ықпал етемін. Суару жүйелерінің тиімді жұмыс істеуіне жағдай жасауға күш саламын.
4. Ауылдың абаттандырылуы мен көгалдандырылуы
Ауыл аумағын абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстарын жүйелі түрде ұйымдастырамын. Көшелердің, қоғамдық орындардың және елді мекен аумағының тазалығын сақтауға бағытталған жұмыстарды жандандырамын.
5. Тұрмыстық қалдықтарды жинау және шығару
Тұрмыстық қалдықтарды талапқа сай жинау және шығару жүйесін ретке келтіруге жұмыс жасаймын. Қалдықтарды орналастыру мәселесін заң талаптарына сәйкес шешуге, полигон мәселесін реттеуге және тұрғындардың үйлерінің алдынан тұрмыстық қалдықтарды тұрақты түрде әкету жүйесін жолға қоюға ықпал етемін.
6. Тұрғындардың құжаттарын реттеуге қолдау көрсету
Ауыл тұрғындарының жер учаскелері мен тұрғын үйлеріне қатысты құжаттарын ретке келтіру мәселелері бойынша құқықтық және ұйымдастырушылық тұрғыдан көмек көрсетуді жолға қоямын. Тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, тұрғындардың мәселелерін шешуге ықпал етемін.
7. Жер ресурстарын тиімді пайдалану
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің нысаналы мақсатына сәйкес тиімді пайдаланылуына зерделеу жұмыстарын жүргізіп отырамын. Жер ресурстарының ауыл шаруашылығын дамытуға тиімді пайдаланылуына баса назар аударамын.
8. Тұрғындармен ашық диалог
Ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлері мен өтініштерін тұрақты түрде тыңдап, оларды шешу жолдарын қарастырамын. Тұрғындар көтерген өзекті мәселелер бойынша жоғары тұрған мемлекеттік органдарға тиісті ұсыныстар енгізіп отырамын.
9. Бірлік пен жауапкершілік
Ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсарту – баршамызға ортақ міндет. Тұрғындармен бірлесе отырып, Ақдала ауылдық округінің көркеюіне, инфрақұрылымының жақсаруына және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жүргіземін.
Менің ұстанымым – халықпен бірге жұмыс істеу, тұрғындардың мәселесін тыңдау және нақты нәтижеге қол жеткізу.
Түркістан облысы Арыс қаласы Ақдала ауылдық округінің әкіміне үміткер Төлен Мырзахмет Ержанұлының сайлау қоры қаражаты есебінен төленген.
