ТҮРКЕСТАНДА ҚЫЗҒАЛДАҚТАРДЫ ҚОРҒАУҒА АРНАЛҒАН ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ШАРА ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Түркістан облысында табиғатты аялау және сирек кездесетін өсімдіктерді сақтау мәдениетін дамыту мақсатында «Қазақстан – қызғалдақтар мекені» атты экологиялық іс-шара өтті. Ауқымды акция Бәйдібек ауданы аумағындағы табиғи паркте, Боралдай филиалы мен Шұқыршақ сарқырамасы маңындағы туристік соқпақта ұйымдастырылды.

Шара барысында қатысушылар тау етегінде өсетін сирек грейг қызғалдақтарының табиғи сұлулығына куә болып, өңірдің флоралық байлығымен танысты. Мамандардың айтуынша, қызғалдақ – Қазақстан табиғатының ғана емес, бүкіл Орталық Азияның символына айналған ерекше өсімдік. Бүгінде елімізде қызғалдақтың 35-тен астам түрі өссе, оның 18-і Қызыл кітапқа енгізілген. Солардың қатарында Грейг, Кауфман және Шренк қызғалдақтары ерекше қорғалады.

Экологиялық акция тек табиғатты тамашалаумен шектелмей, мазмұнды мәдени бағдарламаға ұласты. Табиғат аясында ұйымдастырылған мерекелік жиында өнерпаздар ән шырқап, оқушылар арасында танымдық ойындар өткізілді. Сонымен қатар ұлттық спорт түрлері насихатталып, көкпар мен аударыспақ сынды сайыстар көрермен назарына ұсынылды. Қыз-келіншектер ұлттық тағамдар әзірлеп, қазақтың дәстүрлі ас мәзірін дәріптеді.

Шара барысында табиғатты қорғау бағытында белсенділік танытқан азаматтар марапатталды. Ұйымдастырушылар мұндай бастамалардың жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқанын атап өтті.

Мамандар мектеп оқушыларына қызғалдақтарды жұлуға болмайтынын, сирек өсімдіктерді қорғау – әр азаматтың ортақ міндеті екенін түсіндіріп, арнайы ақпараттық парақшалар таратты.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарларға зиян келтіру қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Мұндай құқық бұзушылық үшін айыппұл, қоғамдық жұмыс немесе бас бостандығын шектеу жазасы қарастырылған.

Түркістан облысы табиғатты қорғау бағытындағы мұндай шаралар арқылы экологиялық мәдениетті арттыруды және өсімдіктер әлемін сақтауды мақсат етеді.

Ұқсас жаңалықтар

АУЫЛДЫ ДАМЫТУ — МЕМЛЕКЕТТІ ӨРКЕНДЕТУ

Redaktor Arysinfo

ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ

Redaktor Arysinfo

Путин Тоқаевқа қоңырау шалды