ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ҚЫТАЙ ИНВЕСТОРЛАРЫМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ КЕҢЕЙТЕДІ

Түркістан облысында Қытай капиталының қатысуымен 548,9 млрд теңгенің инвестициялық жобалары жүзеге асырылуда

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Су Фанцюмен кездесіп, екіжақты экономикалық байланыстарды нығайту, инвестиция тарту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Кездесуде Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестікті өңірлік деңгейде дамытуға, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге және жаңа өндіріс орындарын ашуға басымдық берілді.

Облыс әкімі екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі саяси диалог пен өзара сенім экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге жол ашатынын атап өтті.

– Мемлекет басшыларының бастамалары мен өзара сенімге негізделген саяси диалог Қазақстан мен Қытай арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестікті нығайтуға тың серпін беруде. Екі ел қарым-қатынасының жаңа «алтын отыз жылдығына» қадам басты. Бұл – өңірлер арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланысты кеңейтуге мүмкіндік беретін маңызды кезең. Түркістан облысы осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, қытайлық әріптестермен өзара тиімді жобаларды жүзеге асыруға мүдделі, – деді Нұралхан Көшеров.

Тараптар сауда айналымын ұлғайту, бірлескен өндірістер ашу, заманауи технологияларды енгізу, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және экспорттық әлеуетті арттыру бағыттарын қарастырды. Сонымен қатар логистика мен «Жасыл экономика» салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктеріне назар аударылды.

Қытайдың Алматы қаласындағы Бас консулы Су Фанцю Түркістан облысымен әріптестікті одан әрі нығайтуға дайын екенін білдірді. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, логистика және экологиялық бағыттағы жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға мүмкіндік мол.

Бүгінде Түркістан облысы Қытайдың Хубэй, Шэньси, Хэйлунцзян, Хэнань және Гуйчжоу провинцияларымен, сондай-ақ Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының Баянгол-Моңғол автономиялық округімен бауырластық қатынастар орнату туралы келісімдер жасаған. Бұл байланыстар өңіраралық серіктестікті дамытуға және іскерлік қарым-қатынастарды нығайтуға негіз болып отыр.

Экономикалық ынтымақтастықтың нақты көрсеткіштері де бар. Қазіргі таңда Түркістан облысында Қытай капиталының қатысуымен жалпы құны 548,9 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда.

Алдағы уақытта өңірде жаңа өндіріс орындарын ашу, инвестициялық жобалардың ауқымын кеңейту және экспортқа бағытталған өнім көлемін арттыру көзделіп отыр. Бұл бастамалар облыстың өндірістік әлеуетін дамытуға, экономикалық байланыстарды тереңдетуге және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістанда Абайдың 180 жылдығына орай жастар мен тұрғындарға “Абай жолы” романы таратылды

ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДАҒЫ САЙЛАУ УЧАСКЕЛЕРІ ДАЙЫНДЫҒЫ ТЕКСЕРІЛДІ

Redaktor Arysinfo

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 1 МЫҢҒА ЖУЫҚ УЧАСКЕ ЖҰМЫС ЖАСАП ЖАТЫР

Redaktor Arysinfo