Түркістан облысында кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның штаб отырысы өтті. Жиынды облыс әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Ертай Алтаев жүргізді.
Отырыста жасөспірімдердің психологиялық жағдайын тұрақтандыру, қауіпсіз орта қалыптастыру және тәуекел тобындағы отбасылармен жұмысты жетілдіру мәселелері жан-жақты қаралды.
Күн тәртібі аясында облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Зылиха Кенжебаева тәуекел тобындағы және мемлекеттік қолдау алған отбасылармен жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Сонымен қатар облыстық психологиялық қолдау орталығы директорының орынбасары Гүлмира Төленова 2026 жылдың сәуір айындағы жағдайларға талдау нәтижесін ұсынды.
Сондай-ақ Сайрам, Төлеби және Шардара аудандары әкімдерінің орынбасарлары өңірлерде атқарылып жатқан ведомствоаралық жұмыстардың қорытындысы бойынша есеп берді.
Жиында сөз алған Ертай Алтаев жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтар мен әлеуметтік мәселелердің өзектілігін атап өтіп, профилактикалық жұмысты күшейтудің маңыздылығына тоқталды.
– Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу – басты міндеттердің бірі. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың психоэмоционалдық жағдайын тұрақтандыру және алдын алу шараларының тиімділігін арттыру қажет. Бұл бағытта білім беру ұйымдары мен отбасы институтының өзара байланысын нығайтып, тәуекел тобындағы балаларды ерте анықтау аса маңызды, – деді ол.
Жиын қорытындысы бойынша нақты тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, білім беру ұйымдарындағы тәуекел тобындағы балалардың тізімін жаңарту, диагностикалық және сүйемелдеу жұмыстарын ұйымдастыру, мектеп психологтарының біліктілігін арттыру, сондай-ақ денсаулық сақтау мекемелерімен бірлескен жұмысты күшейту міндеттелді.
Сонымен қатар ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелеу, төтенше жағдайларды жан-жақты зерделеу, жауапты тұлғалардың жауапкершілігін арттыру және ведомствоаралық байланысты нығайту тапсырылды.
Бұдан бөлек, тәуекел тобындағы балаларды ерте анықтау жүйесін енгізу, педагог-психолог кабинеттерін заманауи талаптарға сай жабдықтау және мереке, демалыс күндері жасөспірімдердің бақылаусыз жиналуына жол бермеу бағытында нақты шаралар қабылданатын болды.
