Жетісай ауданында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы жағдай жасалып, бизнестің заңды әрі ашық жүргізілуі қатаң бақылауға алынған.
Осы бағытта аудан әкімі Серік Мамытовтың тапсырмасымен арнайы жұмысшы топ құрылып, базарлар мен сауда орындарында тұрақты рейдтік тексерулер жүргізілуде. Негізгі мақсат – рұқсатсыз сауда нүктелерін анықтау, өнімдердің сапасын бақылау, сондай-ақ өрт және техникалық қауіпсіздік талаптарының сақталуын қадағалау.
Аудан басшысы «Күлпаршын» және «Қарақай» базарларын аралап, М.Әуезов, С.Қожанов көшелері бойындағы ретсіз саудамен айналысушыларға және Ш.Құдайбердиев көшесіндегі заңсыз автотұрақ иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Тексеру барысында кейбір тұрғындардың санитарлық талаптарды сақтамай, заңсыз әрекеттерге жол бергені анықталды. Атап айтқанда, су арналарының үстіне сауда нүктелерін орналастыру, арықтарды қоқыспен толтыру және қоғамдық тамақтану орындарында қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы тіркелді. Осыған байланысты жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.
Сонымен қатар, базар әкімшіліктеріне кәмелетке толмағандардың заңсыз сауда жасауына жол бермеу, ретсіз саудагерлерді арнайы орындарға орналастыру, сондай-ақ сауда орындарында қауіпсіздік талаптарының толық сақталуын қамтамасыз ету міндеттелді.
Жүргізіліп жатқан шаралардың басты мақсаты – тұрғындардың табысын шектеу емес, керісінше кәсіпкерлікті заңдастыру, салық түсімдерін арттыру және ең бастысы – халықтың өмірі мен денсаулығын қорғау.
