Биыл Қазақстанда ана мен балаға көрсетілетін мемлекеттік қолдау жалғасып келеді. Жылдың алғашқы 8 айында еліміз бойынша 200 мыңнан астам отбасы бала тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы алған.
Бұл ретте жәрдемақыны рәсімдеу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына барудың қажеті жоқ. Бала тууы тіркелгеннен кейін ата-ананың біріне SMS-хабарлама жіберіледі. Ата-ана төлемді алуға келісімін растап, банк шотын көрсетсе, жәрдемақы проактивті түрде автоматты түрде тағайындалады.
Аймақтар арасында Түркістан облысы көш бастап тұр. Өңірде 28 мыңнан астам отбасы бала тууына байланысты жәрдемақы алған. Одан кейін Алматы қаласы – 19 мыңнан астам, Астана қаласы – 17 мыңнан астам төлеммен орналасқан.
2026 жылы бірінші, екінші және үшінші балаға берілетін біржолғы жәрдемақы мөлшері 164 350 теңге болса, төртінші және одан кейінгі бала туған жағдайда 272 475 теңге төленеді.
Маңыздысы – жәрдемақыға бала туған күннен бастап 18 ай ішінде өтініш беру қажет. Бұл мерзім өтіп кетсе, төлем алу құқығы жойылады.
Мемлекеттік қолдаудың цифрландырылуы ата-аналарға уақыт үнемдеп, қажетті төлемді үйден шықпай-ақ рәсімдеуге мүмкіндік беріп отыр. Бұл – бала дүниеге келген отбасылар үшін мемлекеттік көмектің қолжетімділігін арттыратын маңызды қадам.
