ТҮРКІСТАНДА 550 МЫҢ ОҚУШЫ МЕКТЕПКЕ БАРАДЫ: ҚАУІПСІЗДІККЕ ҚАТАҢ ТАЛАП ҚОЙЫЛДЫ

Түркістан облысында жаңа оқу жылы қарсаңында қауіпсіздік шаралары күшейтілді. 550 мыңнан астам оқушы білім алатын өңірде мектеп маңындағы жол қозғалысы, қоғамдық көлік пен көлік кептелісі әкімдік назарындағы басты мәселеге айналды.

Жаңа оқу жылының алғашқы күндері Түркістан облысында барлық жауапты қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істейді. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте айтылды.

Әкімдік алдына нақты міндет қойылды: балалардың мектепке баруы мен қайтуы кезінде жолдағы қауіпсіздік толық қамтамасыз етілуі тиіс.

Әсіресе, 1 қыркүйек қарсаңында және оқу жылының алғашқы күндерінде қоғамдық көліктің іркіліссіз жұмыс істеуі, көлік кептелістеріне жедел ден қою, жол қозғалысын тиімді ұйымдастыру талап етілді. Сонымен қатар, негізсіз жол жабындарына жол бермеу тапсырылды.

Мектеп маңындағы жағдай да қатаң бақылауға алынады. Жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көлік қозғалысы жоғары учаскелерде қосымша шаралар қабылдау және жолдағы тәртіпті күшейту – жауапты органдардың басты міндеті.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, жауапты басқармалар, аудан және қала әкімдіктері мен Түркістан облысының Полиция департаменті жолдағы ахуалды тұрақты бақылауда ұстап, туындаған мәселелерді созбалаңға салмай шешуі тиіс.

1100-ден астам мектеп, 550 мыңнан астам оқушы

Түркістан облысында жаңа оқу жылында 550 мыңнан астам оқушы білім алады. Өңірде 1 106 мектеп жұмыс істейді. Бұл республикадағы 7 896 мектептің шамамен 14 пайызы.

Білім беру инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары да жалғасуда. 2024-2025 жылдары облыста 29 «Келешек мектебі» пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, облыстық бюджет есебінен 13 білім беру нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, күрделі жөндеу мен жаңғыртуды қажет ететін 115 мектеп кезең-кезеңімен реновациядан өтуде. Оның ішінде 2025 жылы – 41, 2026 жылы – 38, 2027 жылы 36 мектепті жаңғырту жоспарланған.

Бұл жұмыстардың түпкі мақсаты – оқушыларға қауіпсіз, жайлы және заманауи білім беру ортасын қалыптастыру.

Жаңа оқу жылы – тек алғашқы қоңырау емес, жауапкершіліктің жаңа кезеңі. 

Ұқсас жаңалықтар

“ТАУ АДАМЫНЫҢ”  АРМАНЫ : ДЖЕЙМС КЭМЕРОНМЕН КЕЗДЕСУ

Түркістан облысында жаңа «Жасыл белдеу» жобасы басталды

Redaktor Arysinfo

«Turan Cup-2025» халықаралық футбол додасы мәреге жетті