ТҮРКІСТАНДА «КҮЛТӨБЕ CUP» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЗИЯТКЕРЛІК САЙЫСЫ ӨТТІ

Дереккөз, фото: Түркістан обл әкімдігі

Түркістан қаласында жастардың зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған «Күлтөбе Cup» республикалық зияткерлік сайысы өтті.

Сайыстың негізгі мақсаты – қазақ халқының ұлттық құндылықтары мен тарихын дәріптеу, жастар арасында шешендік өнерді дамыту, азаматтық таным мен құқықтық сауаттылықты арттыру. Сонымен қатар, қоғамдағы өзекті мәселелерге жастардың көзқарасын қалыптастырып, интеллектуалды ойын арқылы ойлау қабілетін шыңдау көзделді.

Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, білім сайысының маңыздылығына тоқталды. Ол мұндай ауқымды дода тарихи мекен Түркістанда өтуінің мәні зор екенін атап өтті.

Облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде бұған дейін өңірде еліміздің түкпір-түкпірінен 500-ден астам команда қатысып, 2500-ге жуық жастың басын қосқан «Фараби» білімділер сайысы өткенін айтып, бүгінгі «Күлтөбе Cup» бәсекесі де жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын жеткізді. Сондай-ақ жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады.

Зияткерлік сайыс үш кезеңнен тұрды. Алғашқы кезең қорытындысы бойынша 10 команда келесі айналымға өтті. Екінші кезеңнен кейін 5 команда финалға жолдама алып, шешуші сында үздіктер анықталды.

Әділ-қазылар алқасының шешімімен І, ІІ, ІІІ орын алған командалар арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, барлық қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары мен дипломдар табысталды.

Айта кетейік, «Күлтөбе Cup» сайысы өткен жылы облыстық деңгейде ұйымдастырылып, оған өңірдің барлық қала-аудандарынан 20-дан астам команда қатысқан болатын. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің қолдауымен өңірде зияткерлік сайыстар саны артып келеді.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан: Келес ауданында шабдалы өсіру жұмыстары жанданды

«НЕ ҮШІН?»: СЕРГЕЙ ЛАВРОВТЫҢ АСТАНАҒА САПАРЫ – ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ КЕЗЕҢДІК КЕЗДЕСУ

Түркістан облысының делегациясы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясына қатысты