Түркістан қаласында тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру мақсатында абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. «Жасыл Түркістан» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мамандары балалар ойын және спорт алаңшаларын күтіп-баптау, жөндеу және қайта қалпына келтірумен қатар, көшелердегі ағаштарды санитарлық қырқу, қураған ағаштарды тазалау және газондарды шабу жұмыстарын күн сайын жүргізіп келеді.
Қала аумағында барлығы 211 ойын және спорт алаңшасы орналасқан. Оның 127-сін күтіп-ұстау мен қалпына келтіру жұмыстары «Жасыл Түркістан» КММ-ге бекітілген. Бұдан бөлек, мекеме қарауына кірмейтін 91 ойын алаңшасында да тұрғындардың өтініштері негізінде жөндеу және ретке келтіру жұмыстары арнайы құрылған үш мобильді топтың күшімен кезең-кезеңімен атқарылуда.
Қазіргі уақытта Абақ батыр көшесі мен Жібек жолы көшелерінің қиылысындағы ойын алаңшасында жөндеу, қалпына келтіру және аумақты арам шөптен тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы, тұрғындардан келіп түсетін өтініштерге сәйкес барлық секторларда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ойын алаңдарының жарамды күйін сақтау бағытындағы жұмыстар тұрақты ұйымдастырылуда.
Сонымен қатар, қала бойынша ағаштарды санитарлық қырқу, қураған бұтақтарды тазалау және жасыл аймақтарды күтіп-баптау жұмыстары да үздіксіз жалғасып, Түркістанның көркін арттыруға және экологиялық ахуалын жақсартуға басымдық берілуде.
