Түркістан қаласындағы №28 мектеп-лицейінде білім мен тәрбиені ұштастырған тағылымды іс-шара ұйымдастырылып, білім ордасының 5 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде атап өтілді. Айтулы жиын аясында әлемге танымал әнші Димаш Құдайберген есімі берілген арнайы кабинет ашылып, оқушыларға рухани серпін сыйлаған ерекше сәтке айналды.
Салтанатты шараға білім саласының өкілдері, зиялы қауым мүшелері мен ата-аналар қатысып, мектеп ұжымының жетістіктеріне жоғары баға берді. Қонақтар білім ордасының қысқа уақыт ішінде жеткен табыстарын атап өтіп, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолындағы еңбектеріне алғыс білдірді.
Бүгінде Түркістан – облыс орталығы ретінде қарқынды дамып келе жатқан шаһар. Қалада жаңа шағынаудандар бой көтеріп, көпқабатты тұрғын үйлер саны артуда. Соған сәйкес сапалы білімге деген сұраныс та жылдан-жылға өсіп келеді. Осындай қажеттіліктің нәтижесінде ашылған №28 мектеп-лицейі небәрі 5 жыл ішінде өңірдегі беделді білім ошақтарының біріне айналды.
Мерейтойлық жиында Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев пен Түркістан облысы білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов сөз сөйлеп, мектеп ұжымын мерейлі белеспен құттықтады. Олар ұстаздардың қажырлы еңбегін атап өтіп, білім сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарына табыс тіледі.
Димаш Құдайберген атындағы кабинеттің ашылуы – оқушылардың өнерге, мәдениетке деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, отансүйгіштік рухты қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Бұл бастама жас буынға үлгі болатын тұлғаларды дәріптеудің жарқын көрінісі екені сөзсіз.
