Дереккөз, фото: Түркістан обл әкімдігі
Түркістан облысы жылыжай шаруашылығын дамыту бойынша республикадағы жетекші өңірлердің бірі саналады. Бүгінде Қазақстандағы жылыжайлардың 72 пайызы осы өңірде орналасқан.
Қазіргі таңда облыс аумағында жалпы көлемі 1006,7 гектарды құрайтын 3366 жылыжай жұмыс істейді. Оның ішінде 62,5 гектар аумақты қамтитын 17 өнеркәсіптік жылыжай және 944,2 гектар жердегі фермерлік жылыжайлар бар.
Өткен жылы өңірде 113 мың тонна көкөніс өнімі өндірілген. Нәтижесінде маусымаралық кезеңде республика тұрғындарының көкөніс өнімдеріне деген сұранысының 45 пайызы қамтамасыз етілген.
Жылыжай шаруашылықтарын қолдау мақсатында мемлекет тарапынан бірқатар қолдау шаралары жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда, 2023 жылдан бастап жылыжайларда пайдаланылатын электр энергиясы, газ және көмір шығындарын ішінара субсидиялау қолға алынған. Өнеркәсіптік жылыжайлардың әр гектарына 4,8 млн теңге, ал фермерлік жылыжайлардың әр гектарына 8,1 млн теңге көлемінде субсидия қарастырылған. Сонымен қатар минералды тыңайтқыштар құнын субсидиялау, тұқым шаруашылығын қолдау, инвестициялық субсидиялау және жеңілдетілген несиелендіру бағдарламалары іске асырылуда.
Сонымен бірге салада бірқатар мәселелер де бар. Өңірдегі жылыжай шаруашылықтары көршілес Өзбекстан, Түрікменстан және Иран елдерінен келетін өнімдермен бәсекелестікке тап болып отыр. Бұл мемлекеттерде өндіріс шығындарының төмен болуы мен мемлекеттік қолдау көлемінің жоғары болуы ішкі нарықтағы баға бәсекесін күшейткен. Соның салдарынан кейбір отандық шаруашылықтар өнімдерін өзіндік құнынан төмен бағамен сатуға мәжбүр екені айтылуда.
Мамандардың пікірінше, бұл жағдай өндіріс көлемінің қысқаруына, инвестициялық белсенділіктің төмендеуіне және жұмыс орындарының азаюына әсер етуі мүмкін.
Соған қарамастан, Түркістан облысының жылыжай шаруашылықтары ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып келеді. Өңірдегі шаруалар маусымаралық кезеңде халық сұранысын қамтамасыз етуге жеткілікті өндірістік әлеуетке ие екендерін атап өтуде.
Сонымен қатар Қазақстанның фермерлік жылыжайлар қауымдастығы мен өңірдегі шаруа қожалықтары әлеуметтік жауапкершілік аясында арнайы меморандумға қол қойған. Құжатқа сәйкес, олар сәуір-мамыр айларында халықты көкөніс өнімдерімен тұрақты қамтамасыз етуге, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуге және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын қолжетімді деңгейде ұстап тұруға міндеттеме алған.
Осыған байланысты отандық өндірушілерді қолдау және ішкі нарықтағы тұрақтылықты сақтау мақсатында Үкімет деңгейінде бірқатар маусымдық шараларды қарастыру ұсынылуда. Атап айтқанда, сәуір-маусым айлары аралығында үшінші елдерден импортталатын көкөніс өнімдеріне кедендік баж салығын арттыру және маусымаралық кезеңде импорт көлеміне шектеу енгізу мәселелері көтерілген.
Мамандардың айтуынша, мұндай шаралар ішкі нарықтағы баға тұрақтылығын сақтауға, отандық жылыжай шаруашылықтарын қолдауға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етуі мүмкін.
