Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте сөйлеп, жаңа шаһардың ел экономикасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретін стратегиялық жоба екенін айтты.
Президенттің сөзінше, жаңа қала салу туралы шешім ел экономикасында күрделі жағдай қалыптасқан кезеңде қабылданған. Соған қарамастан, бұл бастама жан-жақты зерделеніп, халықаралық тәжірибе ескеріле отырып әзірленген.
– Alatau City жобасы шын мәнінде жан-жақты пысықталды. Әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек, дәл осындай болашақ қалаларын салу арқылы мемлекеттердің дамуы жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін көреміз. Дубай, Шэньчжэнь, Инчхон секілді қалалардың табысты тәжірибесі баршаға мәлім. Сондықтан біз де Alatau City жобасына зор үміт артып отырмыз, – деді Президент.
Мемлекет басшысы жобаны іске асыру барысында құқықтық мәселелерді, жер қатынастары мен инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын бірінші кезекте шешу қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ бастапқы кезеңде негізгі бағыттарға басымдық беріліп, қаланың тұрақты әрі жүйелі дамуы қамтамасыз етілуі тиіс екенін жеткізді.
Президенттің пікірінше, Alatau City болашақта инвестиция тартатын, инновациялық жобалар жүзеге асатын және жаңа жұмыс орындары құрылатын маңызды орталыққа айналуы мүмкін.
