Қазақстандық жас дәрігер халықаралық ғылыми сайыста ел намысын қорғайды

2026 жылғы 4 маусымда Мәскеу қаласында «Дәрігер білімі мен тұлғасы: күрделі диагнозға жауап» атты жастар арасындағы халықаралық ғылыми сайыс өтеді. Ауқымды шара ТМД елдерінің респираторлық денсаулық саласындағы мамандарының «ТМД елдеріндегі респираторлық медицина: әлеуметтік маңызы бар инфекциялар назарда» атты II халықаралық конгресі аясында ұйымдастырылмақ.

Қазақстан атынан байқауға ҚР Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының жас пульмонолог дәрігері Бақыт Қонысбаева мен Н.И. Пирогов атындағы Ресей ұлттық зерттеу медицина университеті емдеу факультетінің 6-курс студенті Руслан Зотов қатысады.

Жоба форматы пікірталас, клиникалық жағдайларды талдау және ашық кәсіби диалог элементтерін қамтиды. Бұл жас дәрігерлердің тәжірибе алмасуына, кәсіби шеберлігін жетілдіруге және заманауи медицинаның даму бағыттарын талқылауына мүмкіндік береді.

Сайыс барысында қатысушылар күрделі клиникалық жағдайларды шешу жолдарын ұсынып, ғылыми негізделген пікірлерін ортаға салады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай халықаралық алаңдар медицина саласындағы жас мамандардың әлеуетін арттыруға және мемлекеттер арасындағы ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.

Қазақстандық жас мамандардың халықаралық деңгейдегі ғылыми додаға қатысуы отандық медицинаның дамуына серпін беріп, еліміздің кәсіби кадрларының біліктілігін әлемдік деңгейде танытуға жол ашады.

Ұқсас жаңалықтар

Алматылықтар тағы да алаңдады: қалада жер сілкінді

Redaktor Arysinfo

3000 метрден асқан биіктікте болған оқиға туристерге сабақ бола ма?

Redaktor Arysinfo

Тоқаев Путин мен Трамптың Украина бойынша келіссөзін қолдады

berdaly_oraz