Түркістан облысының ескек есушілері Қазақстан чемпионатында тамаша нәтиже көрсетіп, өңір спортының әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді. Түркістан қаласындағы халықаралық есу арнасында өтіп жатқан байдарка мен каноэде ескек есуден ересектер арасындағы ел біріншілігінің үш күндік қорытындысы бойынша жерлестеріміз 30 медаль жеңіп алды.
Облыс спортшыларының қоржынында 11 алтын, 10 күміс және 9 қола медаль бар. Бұл көрсеткіш Түркістан құрамасының жарыстағы ең үздік командалардың бірі екенін аңғартады.
Чемпион атанған спортшылар қатарында Полат Төребеков, Артем Терещенко, Алишер Хаетов, Ульяна Киселева, Ольга Шмелева және София Килейкина бар. Сонымен қатар Руслан Федотов, Дәулет Шалдар, Георгий Шмелев, Дильфузохон Эргашханова, Милана Абдубаева және Карина Нұрғалиева жүлделі орындарға ие болды.
Қазақстан чемпионатына еліміздің 11 өңірінен 130-ға жуық спортшы қатысып жатыр. Жарыстың маңыздылығы – бұл бәсеке тек ел чемпионатын анықтап қана қоймай, алдағы Азия ойындарына қатысатын ұлттық құраманы жасақтаудағы шешуші кезеңдердің бірі болып саналады.
Биыл күзде Жапонияның Нагоя қаласында өтетін жазғы Азия ойындары қарсаңында әрбір жарыстың маңызы артып отыр. Сондықтан Түркістан спортшыларының бүгінгі жетістігі – тек облыс мерейі ғана емес, ел намысын халықаралық аренада қорғайтын спортшылардың әлеуетін көрсететін маңызды көрсеткіш.
Чемпионат әлі де жалғасуда. Алда ұлттық құрама сапына енетін үздіктер анықталып, Азия ойындарына жолдама алатын спортшылар белгілі болады.
