ТҮРКІСТАНДА ЖАС САРБАЗДАР ТАНКПЕН ЖАТТЫҒУ САБАҒЫН ӨТТІ

Түркістан облысындағы «Дарбаза» оқу полигонында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 35748 әскери бөлімінің көктемгі шақырылымдағы екі жүзге жуық сарбазы тактикалық және психологиялық даярлық сабақтарынан өтті.

Әскери қызметшілер полигонға шығар алдында теориялық дайындықтан өтіп, танктер мен атыс қаруларының тактикалық-техникалық ерекшеліктерін, сондай-ақ қауіпсіздік талаптарын меңгерді.

Тәжірибелік сабақ барысында жас сарбаздар кедергілер жолағынан өтіп, шартты қарсылас оғынан жасырын қозғалу және бөлімше құрамында әрекет ету тәсілдерін пысықтады. Жаттығудың ең күрделі кезеңдерінің бірі – «танкпен жаттығу» элементі болды. Бұл сәтте әскери қызметшілер окоп ішінде орналасып, үстінен өтіп бара жатқан ұрыс техникасының қозғалысын сезінді.

Сонымен қатар сарбаздар тікенекті сымдардың астымен жер бауырлап жылжу тәсілдерін орындап, жауынгерлік жағдайға жақындатылған арнайы түтін мен от қолданылған ортада машықтанды.

Мамандардың айтуынша, мұндай далалық сабақтар жас жауынгерлердің төзімділігін арттырып, психологиялық дайындық пен өз күшіне деген сенімді қалыптастыруға ықпал етеді.

Сабақ қорытындысында бөлімше командирлері жас сарбаздардың дайындық деңгейі мен жоғары ынтасын атап өтті. Алдағы уақытта олар әскери ант қабылдап, Отан алдындағы қызметін жалғастырады.

Ұқсас жаңалықтар

«ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР» ЖЫЛЫ: ЖАСТАРҒА ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР

berdaly_oraz

Арыстық бишілер халықаралық байқауда бас жүлде иеленіп, Стамбулға жолдама ұтты

Түркістан: ҚХА-ның 30 жылдығы аясында этнос жастары арасында «БАБАЛАР ҮНІ» байқауы басталды