«Бұл жай кітап емес»: Түркістанда Президенттің ел болашағына қатысты ойлары талқыланды

Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты кітабының тұсаукесеріне арналған дөңгелек үстел өтті. Жиында елдің бүгіні ғана емес, қоғамның ертеңі, мемлекеттік басқару, ұлттық құндылық, жастардың жауапкершілігі мен әділетті қоғам қалыптастыру мәселелері сөз болды.

Басқосуға ардагерлер, мемлекеттік басқару, білім, ғылым, мәдениет, құқық және жастар саясаты салаларының өкілдері, зиялы қауым, ақын-жазушылар, оқытушылар мен жас ғалымдар қатысты.

Жиын барысында кітаптың мазмұны мен онда қамтылған ой-тұжырымдардың қазіргі қоғам үшін маңызы кеңінен талқыланды. Өйткені «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» жинағы жай ғана сөздер мен сұхбаттардың топтамасы емес, Президенттің мемлекет, қоғам және азамат алдындағы жауапкершілік туралы ұстанымдарын жүйелейтін еңбек ретінде бағаланды.

Жинақта Мемлекет басшысының отыз жылдан астам уақыт ішінде қалыптасқан саяси және азаматтық көзқарастары, мемлекет басқару тәжірибесі, ұлттық құндылықтар мен қоғам дамуына қатысты пайымдары қамтылған. Кітап 21 тақырыпқа бөлініп, әділетті әрі қуатты, жауапкершілігі жоғары Қазақстанды қалыптастыру идеяларын әр қырынан көрсетеді.

Жиын модераторы, университет ректоры Жанар Темірбекова бұл кездесудің мәні кітапты таныстырумен шектелмейтінін атап өтті.

– Бүгінгі басқосу – еліміздің бүгіні мен болашағына қатысты мемлекеттік ұстанымдарды, қоғамдық құндылықтарды және әр азаматтың жауапкершілігін тереңірек зерделеуге мүмкіндік беретін маңызды пікір алаңы. Кітапта Президенттің тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері айтқан сөздері, мақалалары, сұхбаттары мен еңбектерінде көрініс тапқан ой-тұжырымдары жинақталған. Бұл материалдар Мемлекет басшысының мемлекетшілдік ұстанымы мен саяси тәжірибесін, ел дамуына қатысты көзқарасының қалыптасу жолын танытады, – деді Жанар Темірбекова.

Ал Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов кітаптың қоғамға берер бағытына тоқталды.

– Кейбір кітап адамға ақпарат берсе, кейбірі білім береді. Енді бірі адамның ойлау бағытын айқындап, қоғамның қайда бет алуы керек екені жөнінде бағдар береді. Президентіміздің «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабында осы үш бағыт та қамтылған. Кітапта тұтас мемлекетшілдік пен дүниетаным жатыр. Әр бөлімде әділетті, қуатты, жауапкершілігі жоғары Қазақстанды қалыптастыру идеясы жан-жақты қарастырылған, – деді ол.

Дөңгелек үстелде Филология ғылымдарының кандидаты, профессор Бекжігіт Сердәлі «Ұлт сапасы, мемлекеттік басқару, ғылым мен білім, мәдениет және руханият туралы пайымдар» тақырыбында баяндама жасады.

Ал облыстық Жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Нариман Мархабаев жастар мәселесіне назар аударып, білім, еңбек, жауапкершілік пен болашақ туралы ойларын ортаға салды.

Жиында «Әділет» партиясы жанындағы Жастар қанаты Түркістан облыстық филиалының төрағасы Еркебұлан Мадиярұлы да өз пікірін білдіріп, қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты өткір ойларын жеткізді.

Басқосуда көтерілген мәселелердің барлығы бір арнаға тоғысты: әділетті қоғамды қалыптастыру тек мемлекеттік институттардың міндеті емес, ол әр азаматтың ұстанымы мен жауапкершілігіне тікелей байланысты.

Сондықтан «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» жинағы өткенді саралап қана қоймай, қоғамның бүгінгі бет-бейнесі мен ертеңгі бағыты туралы ойлануға мүмкіндік беретін еңбек ретінде бағаланды.

Жиын соңында қатысушылар кітапта көтерілген мемлекетшілдік, әділет, жауапкершілік, білім, еңбек және ұлттық құндылықтар мәселелерінің бүгінгі қоғам үшін өзектілігін атап өтті.

Ұқсас жаңалықтар

«Мердігер неге қашып жүр?» Арыс ауданы Атамекен ауылындағы жарықтандыру жұмыстарына қатысты мәселе сотқа жетті

berdaly_oraz

Түркістан облысында ағын суға деген қажеттілік жыл сайын артып келеді

Арыста тарихи саябақтар жаңғыруда