Қазір Қазақстандағы ең төменгі жалақы (ЕТЖ) 85 мың теңге деңгейінде. Үкімет 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру барысында бұл көрсеткішті қайта қарастырып жатыр.
Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің мәлімдеуінше, ЕТЖ-ны көтеру мәселесі арнайы жұмыс тобының қарауында. Алайда нақты сома әзірге бекітілмеген және шешім бюджет мүмкіндіктеріне байланысты қабылданады.
Еңбек министрлігі ең төменгі жалақыны 2027 жылдан бастап кезең-кезеңімен арттыру мүмкіндігі қарастырылып жатқанын хабарлады. Қазір бірнеше нұсқа талқылануда: 90 мың, 95 мың және 100 мың теңге көлеміндегі есептер ұсынылған. Ал қоғамда айтылып жүрген 150 мың теңге туралы ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Сарапшылардың айтуынша, нақты мөлшер 2026 жылдың соңына қарай, 2027–2029 жылдарға арналған бюджет бекітілген кезде белгілі болады.
