1 шілдеден бастап Қазақстанда жаңа Конституцияның күшіне енуіне орай Түркістан қаласында дәстүрлі «Үкілі домбыра» республикалық байқауы ұйымдастырылды. Іс-шараны Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» КММ өткізді.
Байқаудың мақсаты – этнос жастары арасында қазақ халқының ұлттық өнері мен мәдени мұрасын дәріптеу, домбыраның қадір-қасиетін насихаттау, ұлттық құндылықтарға құрметті арттыру және талантты жас орындаушыларға қолдау көрсету.
Биылғы байқауға Түркістан облысының аудан-қалаларымен қатар Ақмола, Алматы, Абай, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Ұлытау облыстары мен Шымкент қаласынан келген этнос өкілдері қатысты. Олар дәстүрлі ән, күй және терме номинациялары бойынша бақ сынады.
Салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, жаңа Конституцияның күшіне енуі ел дамуының жаңа кезеңінің басталғанын атап өтті. Ол байқаудың түрлі этнос өкілдерін ұлттық өнер арқылы біріктіретін маңызды мәдени алаң екенін айтты.

Байқау қорытындысында әр номинация бойынша І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдар табысталып, белсенді қатысушылар мен олардың жетекшілері арнайы алғыс хаттармен марапатталды.
Ұлттық домбыра күніне арналған «Үкілі домбыра» республикалық байқауы этнос жастары арасындағы мәдени байланысты нығайтып, қазақтың төл өнерін кеңінен насихаттауға бағытталған дәстүрлі мәдени жоба ретінде өз жалғасын табады.
