Түркістан облысы, Түлкібас ауданында ерекше қабілетімен ел назарын аударған Айдар есімді жеткіншек тұрады. Қазіргі таңда ол 10-сыныпта оқиды. Қатарластары арасында танымал, ал сыныптастары оны әзілмен “магнит адам” деп атайды. Себебі оның кеудесіне қасық, шанышқы, пышақ, темір тиындар, кейде ұялы телефонға дейін еш көмексіз жабысып, еркін қозғалып жүре береді. Бұл көрініс алғаш көрген адамдарды еріксіз таңдай қақтырады.
Бұл ерекше құбылыс алғаш рет шамамен 5–6 жыл бұрын байқалған. Сол кезден бері Айдардың бойындағы бұл қасиет әлсіреген емес.
“Өзім де алғашында таңғалдым. Кейін денеме темір заттарды қойып көрдім, жабысып тұрды”, – дейді ол.
Өзін цирк әртісі санамайтын жеткіншек бұл қабілетін ерекше жаратылыс немесе Жаратушының берген сыйы деп қабылдайды.
Ерекше қабілетті жасөспірімнің әрекетін көруге қызығушылар саны күн санап артып келеді. Кейбірі мұны көзбояушылық деп қабылдаса, енді бірі арнайы тәжірибе жасап көріп, өз көздерімен көрген соң таңданысын жасыра алмайды.
Дәрігерлер оның жалпы денсаулық жағдайының қалыпты екенін, қан қысымында ауытқу жоқ екенін айтқан. Ал Айдардың өзі ем іздеп келген адамдарға қолы тисе жеңілдеп, тез сауығып кететінін де байқап жүргенін айтады.
Жергілікті зерттеушілер мұндай құбылысты біржақты “тылсым күш” деп қабылдауға асықпайды. Олардың пайымынша, бұл адам ағзасындағы биоэлектрлік ерекшелік немесе тері бетінің физикалық қасиеттерімен байланысты болуы мүмкін. Дегенмен, бұл құбылыс әлі де толық ғылыми түсініктеме алған жоқ.
Айта кетерлігі, Айдардың әкесі де осындай ерекше қасиетке ие. Сондықтан бұл жағдайдың тұқым қуалауы мүмкін деген болжам бар.
