ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖАЛҒЫЗ ҚҰЛПЫНАЙ БАЗАРЫ

Сәуір айы – Қазақстандағы құлпынай саудасының ең қызатын кезеңі. Біз Сарыағаш ауданына қарасты Төңкеріс ауылындағы құлпынай базарына барып, шаруалармен тілдесіп қайттық.

Базар күндегідей қайнаған тіршілікке толы. Көліктер ары-бері ағылып жатыр. Кешкі ондарға таяу жолдан көлік түгілі, адамдардың өзі әрең сығылысып өтеді. Саудагерлер мен сатып алушылар қызу саудаласып, ортақ бағаға келе алмай жатқан сәттер де аз емес. Бұл – Төңкерістегі ағайынның күнделікті көрінісі. Диқандар күндіз егістіктен терген құлпынайын кешке осы орталық көшенің бойына әкеліп сатады. Базардың басынан аяғына дейін жүріп өтсеңіз, өнімнің сан алуан түрін кездестіруге болады.

Мұндағы сауда кешкі сағат 18:00-де басталып, түнгі 23:00-ге дейін жалғасады. Диқандардың айтуынша, биыл баға біршама төмендеген. Құлпынайдың келісі қазір 1000–1500 теңге аралығында. Саудаласқан жағдайда 100–150 теңгеге дейін арзандатуға болады. Өйткені шығын аз емес. Жалдамалы жұмысшылардың күндік ақысы 10 000 теңгеге дейін жетеді.
Сәуле есімді шаруа құлпынай өсірумен алты жылдан бері айналысып келеді. Бүгін ол базарға 40 қорап өнім әкелген, соның жартысынан көбін кешкі 21:00-ге дейін сатылып үлгерді. Қалғанын түн аяқталғанша өткізем деп отыр. Оның айтуынша, жыл сайын өнім көлемі де, сауда қарқыны да әртүрлі болады.

Базарды аралап жүріп, түрлі сатып алушыларды кездестірдік. Бірі құлпынайды қораптап алып кетіп жатса, енді бірі тосап қайнатуға деп сұрап жүр. Кейбірі балаларына базарлық ретінде алады. Төңкерістегі құлпынайды іздеп, Қазақстанның әр өңірінен арнайы келетіндер де бар. Әсіресе демалыс күндері мұнда адам қарасы көбейе түседі.

Ұқсас жаңалықтар

Алматыда 81 жастағы қарияны ұрлап кеткен күдіктілер ұсталды

Ордабасы ауданында Наурыз мейрамында қонақтарға 1 тонна наурыз көже таратылды

berdaly_oraz

Түркістан: инвестициялық штаб мәжілісінде мәселелер ашық айтылды