Түркістанда тоғыз айлық сәбидің өміріне қауіп төндірген жағдай қоғамға тағы бір маңызды мәселені еске салды. Бала абайсызда ине жұтып қойған. Өңешіне қадалған бөгде зат кез келген сәтте ауыр асқынуға әкелуі мүмкін еді. Абырой болғанда, дәрігерлер дер кезінде әрекет етіп, сәбиді аман алып қалды.
Оқиға жедел жәрдеммен басталды. Ауыр жағдайда жеткізілген сәбиге облыстық балалар ауруханасының мамандары шұғыл көмек көрсетті. Хирург Мұхагали Темірбеков пен эндоскопист Бабыр Ырысқұлов заманауи әдісті қолданып, рентген арқылы иненің нақты орнын анықтады. Артынша эндоскопиялық жолмен бөгде затты алып шықты. Бір сәтке кешіккенде жағдайдың қалай аяқталары белгісіз еді.
Бүгінде баланың жағдайы тұрақты. Дәрігерлер бақылауынан өтіп, үйіне шығарылған. Бұл – медицина қызметкерлерінің кәсібилігінің айқын көрінісі. Алайда бұл оқиға тек сәтті аяқталған оқиға ғана емес, ол – қоғамға берілген ескерту.
Неге мұндай жағдайлар қайталана береді? Неге балалардың қолы жететін жерде ине, түйме, ұсақ әрі өткір заттар қалып қояды? Бір қарағанда ұсақ-түйек көрінетін нәрсе бір отбасының тағдырын өзгертіп жіберуі мүмкін. Баланың қауіпсіздігі – тек дәрігердің емес, ең алдымен ата-ананың жауапкершілігі.
Қауіп көбіне үйдің ішінде жасырынып жатады. Көзге көрінбейтін қауіп. Бала үшін кез келген зат – ойыншық. Ал ине секілді өткір заттар – ойыншық емес, өмірге төнген қатер.
Бұл жағдай жақсылықпен аяқталды. Бірақ әрбір оқиға осылай аяқталады деп кім кепіл? Сондықтан ата-аналарға бір ғана ескерту жеткілікті:
баланың өмірі – сіздің мұқияттылығыңызға байланысты.
