Дереккөз, фото: Шардара ауд әкімдігі
Шардара қаласында ұлттық өнер мен аналық мейірім, тағылым мен парасат тоғысқан тағылымды кеш өтті. Абай мәдениет үйінде «Ақ әжелер» халық ансамблінің негізін қалаушы, мәдениет саласының ардагері, аяулы ана Жарылқасын Ізбайқызының 80 жылдық мерейтойына арналған «Ана жүрек – 80 жас» атты шығармашылық кеш жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында Шардара ауданы әкімінің құттықтауын аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Тасболатұлы Төребеков жеткізіп, мерейтой иесіне сый-сияпат табыс етті. Сонымен қатар «Алтын шаңырақ» кітабының тұсаукесер рәсімі өтіп, оған қатысушылар жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Кеш барысында Жарылқасын Ізбайқызының өнегелі өмір жолы мен мәдениет саласына сіңірген еңбегі кеңінен насихатталды. Сахна төрінде ән мен күй орындалып, көрермен қауым мерейтой иесіне құрмет көрсетті.
Жарылқасын Ізбайқызы – тек өнер ұжымының жетекшісі ғана емес, қазақы тәрбие мен ұлттық құндылықтарды дәріптеп келе жатқан тағылымды тұлға. Оның бастамасымен құрылған «Ақ әжелер» ансамблі талай жылдан бері елдің рухани өмірінде өзіндік орны бар өнер ұжымына айналып, жас ұрпаққа өнеге болып келеді.
Мерекелік кеште жиналған көпшілік ақ жаулықты ананың ғибратты ғұмырына тағзым етіп, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасы амандығы мен шығармашылық шабыт тіледі.
Сексеннің сеңгіріне шығып, ел алғысына бөленген Жарылқасын Ізбайқызының өнегелі ғұмыры – кейінгі буынға үлгі, ұлт руханиятына қосылған өлшеусіз мұра.
