Түркістандағы 5574 әскери бөлімінде Отан қорғаушылар күніне орай патриоттық іс-шара ұйымдастырылды. Салтанатты жиынға әскери құрылымдар, құқық қорғау органдары, ардагерлер мен жас сарбаздар қатысты.
Мерекелік шараға қатысқан Нұралхан Көшеров көпшілікті 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен құттықтап, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету – әр азаматтың қасиетті борышы екенін атап өтті.
Өңір басшысы өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел қауіпсіздігі, заң мен тәртіпті сақтау жөніндегі ұстанымына тоқталып, жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеудің маңызын жеткізді.
Іс-шара барысында әскери қызметте үздік көрсеткішке жеткен бірқатар сарбаз марапатталды.
Салтанатты жиында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Ержан Ыбыраев және ардагерлер ұйымының өкілі Бабай Алдабергенов құттықтау сөз сөйлеп, әскери қызметтің маңызына тоқталды.
Шара аясында әскери техника көрмесі ұйымдастырылып, қонақтар сарбаздармен пікір алмасты. Мерекелік кеш концерттік бағдарламаға ұласып, патриоттық әндер шырқалды.
Айта кетейік, өткен жылы Түркістан облысынан 5 мыңға жуық жас әскер қатарына қосылған. Биыл да бұл үрдіс жалғасуда.
