Отан қорғаушылар күніне арналған әскери шеруде Қазақстанда құрастырылған Алан техникасына қатысты күтпеген жағдай тіркелді. Әлеуметтік желіде әскери машинаның қозғалтқыш бөлігінен қою түтін шыққан сәт түсірілген видео кең тарап, көпшіліктің талқысына түсті.
Куәгерлер жариялаған кадрларда техника қозғалысын баяулатып, кейін тоқтап қалғаны байқалады. Оқиға желі қолданушылары арасында түрлі пікір туғызды.
Видеоны бөліскен журналист Амангелді Құрметұлы бұл жағдайды 2014 жылы Мәскеудегі Қызыл алаңдағы шеруде тоқтап қалған Т-14 Армата танкімен салыстырды.
«2014 жылы Мәскеудің Қызыл алаңында жүрмей қалған Т-14 “Армата” танкіне күліп едік. Біздегісі мынау. Қазақстанда құрастырылған “Алан” ғой. Мерекеде елге көрсету үшін шығарарда тексеріп, қарап алуға болмас па еді», – деп жазды журналист әлеуметтік желідегі парақшасында.
Әзірге аталған жағдайға байланысты ресми органдар тарапынан нақты түсініктеме берілген жоқ.
