ШАРДАРАДА ЕҢБЕГІМЕН ЕЛ ҚҰРМЕТІНЕ БӨЛЕНГЕН – ОСПАНОВ ӘМЗЕ НАРЫМБЕТҰЛЫ

Дереккөз, фото: Шардара ауд әкімдігі

Шардара өңірінің құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында ұзақ жылдар бойы табанды еңбек еткен білікті инженер-құрылысшы Әмзе Нарымбетұлы Оспанов ел жадында кәсіби біліктілігімен, қарапайым мінезімен және қызметіне адалдығымен сақталған азаматтардың бірі. Ол саналы ғұмырын аудан инфрақұрылымын дамытуға арнап, зейнеткерлік жасқа шыққаннан кейін де қоғамдық маңызы бар жұмыстарға белсене араласты.

Әмзе Нарымбетұлы Оспанов 1957 жылғы 5 қаңтарда бұрынғы Қызылқұм ауданына қарасты Овцевод совхозында дүниеге келген. 1974 жылы орта мектепті аяқтап, 1976 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтына түсіп, 1981 жылы инженер-құрылысшы мамандығы бойынша жоғары білім алған.

Еңбек жолын Шардара ауданындағы құрылыс саласында бастап, жылжымалы механикаландырылған колонналарда және «Қызылқұмсовхозқұрылыс» тресінде түрлі жауапты қызметтер атқарды. Өндірістік-техникалық бөлімдерде басшылық қызметтерді абыроймен атқарып, құрылыс нысандарының сапалы әрі белгіленген мерзімде пайдалануға берілуіне үлес қосты. Әріптестері оны жауапкершілігі жоғары, құжатпен жұмысқа тиянақты әрі тәжірибелі маман ретінде бағалады.

1994–1997 жылдары «Шымкентмелиорация» акционерлік қоғамында еңбек етіп, су шаруашылығы және инфрақұрылым саласындағы жобалардың іске асуына қатысты. Сол кезеңдегі салалық өзгерістерге қарамастан, өз ісіне адалдықпен қарап, өңір дамуына үлес қосты.

2000 жылдан бастап Шардара қаласы әкімдігі аппаратында бас маман болып қызмет атқарды. Кейін аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде бас маман, бөлім басшысының орынбасары және бөлім басшысы лауазымдарында еңбек етті. Мемлекеттік қызметте ауданның инфрақұрылымдық және коммуналдық салаларын дамытуға, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жұмыстарға атсалысты.

Әмзе Нарымбетұлының қатысуымен аудан көлемінде бірқатар инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалар жүзеге асырылды.

Еңбегі еленіп, ол аудан әкімдігінің Алғыс хаттарымен, облыстық және республикалық деңгейдегі марапаттармен, сондай-ақ Түркістан облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталған.

Әмзе Нарымбетұлы Оспанов өнегелі отбасының иесі болды. Жұбайы Алтынай Мәмбетова білім беру саласында ұзақ жылдар ұстаздық еткен. Ұлы Алмас ата жолын жалғастырып, коммуналдық және құрылыс салаларында еңбек етіп, қазіргі таңда аудандық ішкі саясат бөлімінде сектор меңгерушісі қызметін атқарады. Отбасы мүшелері әр салада абыройлы қызмет атқарып келеді.

Халық игілігі жолында адал еңбек еткен азаматтың жарқын бейнесі ел жадында сақталады.

Ұқсас жаңалықтар

Сарыағашта күнбағыс майын өндіретін зауыт салынып жатыр

Теміртауда қарияны ұрып,соққан 9 күдікті 2 айға қамалды

berdaly_oraz

Ұлттық домбыра күні — мәдениеттің мәңгілік коды