Дереккөз, фото: Түркістан обл әкімдігі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласын дамытуға бағытталған стратегиялық бастамалары туралы айтты. Президенттің сөзінше, Қазақстан цифрлық мемлекет қалыптастыруды негізгі мақсаттардың бірі ретінде қарастырады. Осыған байланысты биылғы жыл елімізде «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланған.
Президент Астанада Alem.ai жасанды интеллект орталығы ашылғанын және екі суперкомпьютер іске қосылғанын атап өтті. Келесі кезеңде «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын» құру жоспарланып отыр. Бұл жоба аймаққа жетекші технологиялық компаниялар мен жаһандық цифрлық капиталды тартуға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Сонымен қатар Қазақстанды өңірлік цифрлық хаб ретінде дамыту мақсатында көші-қон үдерістерін оңтайландыру жұмыстары жүргізілуде. Осы бағытта шетелдік кәсіпкерлерге, инвесторлар мен білікті мамандарға арналған «Алтын виза» енгізілген.
Мемлекет басшысы елімізде Цифрлық кодекс қабылданып, жасанды интеллект туралы заң күшіне енгенін де айтты. Сондай-ақ білім беру саласындағы цифрлық инфрақұрылымды дамытуға, заманауи технологияларды меңгерген педагогтер даярлауға және оқушылардың дербес деректерін қорғауға ерекше назар аударылып отырғанын жеткізді.
Президент жақында жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізу туралы Жарлыққа қол қойғанын атап өтіп, бұл қадам Қазақстанның болашағы үшін маңызды шешім екенін айтты. Алдағы уақытта елдің цифрлық даму бағытын айқындайтын Digital Qazaqstan стратегиясы қабылданбақ.
Сондай-ақ Алматы қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен Тұрақты дамуға ықпал ететін цифрлық шешімдер орталығы ашылғаны белгілі болды. Бұдан бөлек, биыл наурыз айында Шымкентте Түркі кеңесі сарапшыларының қатысуымен «Жасанды интеллект және цифрлық даму» халықаралық конференциясы өтіп, түркі мемлекеттерінің осы саладағы ынтымақтастығын нығайтуға серпін берді.
