Дереккөз, фото: Түркістан обл әкімдігі
Түркістан қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті аясында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жанынан ашылатын Ясауи ғылыми-зерттеу институты ғимаратының капсуласын салу рәсімі өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы наурыз айында Түркістанға жасаған жұмыс сапары мен Ұлттық құрылтай барысында Қожа Ахмет Ясауи мұрасын терең зерттеу, оны жас ұрпаққа кеңінен насихаттау және Түркістанды халықаралық ғылыми-рухани орталық ретінде дамыту жөнінде нақты міндеттер жүктеген болатын. Жаңа институттың ашылуы – осы бастамалардың жалғасы.
Салтанатты рәсімге Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов, Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесі төрағасы Бинали Йылдырым, Түркия Республикасының Ұлттық білім министрі Юсуф Текин, Өнеркәсіп және технология министрі Мехмет Фатих Каджыр, Сауда министрі Өмер Болат және қос елдің зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жаңа ғылыми орталықта түркі өркениеті, сопылық ілім, түркі халықтарының тарихи-мәдени сабақтастығы жан-жақты зерттелмек. Сонымен қатар, Қожа Ахмет Ясауидің рухани-философиялық мұрасы, түркі дүниесінің тарихы, әдебиеті, мәдениеті мен өркениетіне қатысты ғылыми жұмыстар жүргізіледі.
Институт базасында халықаралық ғылыми жобалар жүзеге асырылып, археографиялық және текстологиялық зерттеулер қолға алынбақ. Сирек қолжазбалар мен тарихи деректерді жинақтау, цифрландыру және ғылыми айналымға енгізу жұмыстары да жоспарланған. Бұдан бөлек, халықаралық конференциялар, симпозиумдар мен ғылыми семинарлар ұйымдастыру көзделіп отыр.
Алты қабатты жаңа кешеннің жалпы аумағы 13 мың шаршы метрден асады. Ғимаратта Теология факультеті, Лингвистика орталығы, Түркология және Яссауитану ғылыми-зерттеу институттары, заманауи зертханалар, қолжазбалар музейі мен көрме орталығы орналасады.
Сондай-ақ, кешенде 420 орындық конференция залы, оқу аудиториялары және жас зерттеушілерге арналған ғылыми алаңдар қарастырылған. Болашақта бұл орталықты 1 500–2 000 студентке арналған заманауи білім беру және ғылыми-зерттеу кешені ретінде пайдалану жоспарланып отыр.
Жоба Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі қолдауымен жүзеге асырылуда. Аталған бастама Қазақстан мен Түркия арасындағы ғылыми-мәдени байланысты нығайтып, Түркістанның түркі дүниесіндегі рухани әрі ғылыми орталық ретіндегі маңызын арттыра түспек.
