Түркістан облысының Ордабасы ауданында учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби біліктілігін арттыруға арналған оқу-семинар ұйымдастырылды. Іс-шара Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының тапсырмасы мен Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының бекітілген жоспары аясында өткізілді.
Семинар барысында тренерлер пулын қалыптастыру, жанжалды жағдайларда әрекет ету алгоритмдері, сайлау күніне дайындық, сайлаушыларды ақпараттандыру, комиссиялар арасындағы өзара іс-қимыл, дауыс беру рәсімі мен дауыстарды санау тәртібі жан-жақты талқыланды. Қатысушыларға сайлау заңнамасының талаптарын тәжірибеде қолдануға бағытталған түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Іс-шара аясында комиссия мүшелерінің білім деңгейін анықтау үшін тест тапсырмалары ұйымдастырылып, қатысушылар өздерін қызықтырған сауалдарға жауап алды. Мұндай оқыту шаралары сайлау комиссиялары қызметінің тиімділігін арттырып, заң талаптарына сай ашық әрі әділ сайлау өткізудің маңызды тетігі саналады.
Сайлау жүйесіндегі ашықтық пен заң үстемдігін нығайтуға бағытталған мұндай семинарлар алдағы уақытта да жалғасып, комиссия мүшелерінің кәсіби әлеуетін арттыруға ықпал ете бермек.
