Түркістан облысында халықтың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік қайтарымсыз гранттарды беру жұмыстары жалғасуда. Биыл өңірде осы бағдарлама аясында 1450 азаматты қамту жоспарланған.
Гранттарды беру екі кезең бойынша ұйымдастырылуда. Алғашқы кезең 24 маусым мен 7 шілде аралығында өтіп, оған облыс бойынша 1542 азамат өтініш білдірді. Бизнес-жобаларды бағалау жөніндегі комиссия отырыстары 13–15 шілде күндері әлеуметтік желілерде тікелей эфирде ашық форматта өткізілді.
Комиссия жұмысына 1405 үміткер қатысып, 137 адам белгісіз себептермен қатыспады. Бағалау нәтижесінде 729 азаматтың бизнес-жобасы мақұлданып, олар мемлекеттік қайтарымсыз гранттың иегері атанды.
Грант алғандардың басым бөлігін әлеуметтік осал топ өкілдері құрайды. Атап айтқанда, олардың арасында атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы отбасылардың мүшелері, мүгедектігі бар азаматтар, ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналар, асыраушысынан айырылған азаматтар және қандас мәртебесіне ие азаматтар бар.
Қайтарымсыз грант қаражаты өндіріс, техникалық қызмет көрсету, мал және құс шаруашылығы, көкөніс өсіру, қолөнер және азық-түлік өндірісі сияқты түрлі бағыттағы кәсіптерді ашуға және дамытуға жұмсалады.
Бұл бастама өңір тұрғындарының кәсіпкерлік белсенділігін арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды мемлекеттік қолдау тетігі болып отыр.
