Арыста ұстаз мәртебесін асқақтатып, білім саласының үздіктерін дәріптеген тағылымды шара өтті. Арыс қалалық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, Арыс қаласының Құрметті азаматы, ұлағатты ұстаз әрі ақын Пернебек Үсенбай атындағы «Үлгілі ұстаз–2026» қалалық байқауы ұйымдастырылды.
Шараға қала әкімі Қайсар Маңқараев, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұржамал Үсенбаева, Ерік Үсенбаев және қала тұрғындары қатысты. Байқау барысында ұстаз еңбегінің қоғамдағы орны ерекше аталып, тағылымды шараға қолдау көрсеткен азаматтарға алғыс білдірілді.
Биылғы байқауға қалалық білім бөліміне қарасты мектептерден 13 ұстаз қатысып, өзара бақ сынады. Олар «Мамандығым – мақтанышым», «Жыр жазамын жүрегімнен» және «Білгенге маржан» кезеңдерінде кәсіби шеберлігі мен шығармашылық қабілетін танытты.
Әсіресе ақын Пернебек Үсенбайдың шығармаларын орындау кезеңі ұстаздардың өнері мен сөзге деген құрметін айшықтай түсті. Қатысушылардың сахна мәдениеті, тіл тазалығы, орындау шеберлігі мен білім деңгейін білікті қазылар алқасы саралады.
Нәтижесінде Б.Оңтаев атындағы мектептің мұғалімі Тоқсанбай Сұңқар Өсерханұлы Бас жүлдеге ие болды.
І орын – №4 бастауыш мектептің ұстазы Сұлтанова Балмира Ахатқызына берілді.
ІІ орын – Отарқұлова Динара Серікбайқызы мен Дарменова Маржанға;
ІІІ орын – Айтбай Арайлым Серікқызы, Әділбаева Мөлдір Сәбитқызы және Қыдыр Арайлым Қалданқызына бұйырды.
Сонымен қатар Отарқұл Мұхаммедәлі «Үлгілі ұстаз», Исахан Гүлжанар «Шығармашыл ұстаз» номинацияларымен марапатталса, Ишматова Хансұлу Жамалбекқызына Пернебек Үсенбай атындағы арнайы жүлде табысталды.
Байқауға белсене қатысқан бірқатар ұстаздар Алғыс хатпен марапатталды. Барлық қатысушыларға демеушілер тарапынан арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Ұстаз – ұрпаққа жол көрсететін шамшырақ. Ал осындай байқаулар – сол еңбекті бағалап, ұстаз беделін биіктетудің жарқын көрінісі. Арыстағы «Үлгілі ұстаз–2026» байқауы да білім мен өнерді ұштастырған тағылымды шара ретінде есте қалды.
