Жетісайда тұрғындардың қалтасына салмақ салмай, отандық өнімді қолжетімді бағамен ұсынуға бағытталған ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті.
Жетісай қаласының орталық алаңында ұйымдастырылған сауда «Дала дәмі» республикалық акциясы аясында өткізілді. Жәрмеңкеге ауданның 30-ға жуық тауар өндірушісі мен кәсіпкері қатысып, халыққа жалпы 20 тонна ауыл шаруашылығы өнімін ұсынды.
Соның ішінде 16 тонна өнім базар бағасынан 10-15 пайыз төмен бағамен сатылды. Бұл әсіресе азық-түлік бағасына алаңдайтын тұрғындар үшін тиімді мүмкіндік болды.
Жәрмеңке сөрелерінен күнделікті тұтынуға қажетті өнімдердің түр-түрін кездестіруге болады. Атап айтқанда, қияр, қызанақ, болгар бұрышы, баклажан, асқабақ, жүзім, алма, картоп, пияз, сәбіз, қызылша, қауын мен қарбыз, сондай-ақ сүт және бал өнімдері саудаға шығарылды.
Мұндай шараның бір ерекшелігі – өнімнің делдалсыз, тікелей жергілікті тауар өндірушілерден ұсынылуы. Яғни шаруаның еңбегі еленіп, тұрғын сапалы өнімді қолжетімді бағамен алуға мүмкіндік алды.
Жетісай ауданында бұған дейін де әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға көмек көрсету бағытында бірқатар қайырымдылық шаралары ұйымдастырылған. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері барысында мұқтаж отбасыларға азық-түлік пен киім-кешек те үлестірілген.
Өнім өндіруші мен тұтынушыны тікелей байланыстыратын мұндай жәрмеңкелер бағаны тұрақтандыруға және жергілікті шаруалардың өнімін өткізуіне мүмкіндік береді.
